- Басты бет
- Жаңалықтар
- ЭБЖМ деканының орынбасары бірінші курс студенттеріне көшбасшылық және креативті экономика тақырыбында дәріс өткізді
ЭБЖМ деканының орынбасары бірінші курс студенттеріне көшбасшылық және креативті экономика тақырыбында дәріс өткізді
1 қыркүйек – Білім күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебінде жаңа қабылданған студенттерге арналған «Идеялар әлеміндегі көшбасшылық: ғылым мен креативті экономика болашақты қалай өзгертеді?» тақырыбында дәріс өтті.
Дәрісті экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD, Farabi Journal of Social Sciences ғылыми журналының бас редакторы Шыңғыс Нұрғазы өткізді.

Кездесу барысында спикер ғылымның, инновациялардың және креативті экономиканың жаңа мамандықтардың қалыптасуы мен заманауи қоғамның дамуындағы рөлі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ болашақ көшбасшыға қажетті сыни ойлау, тың идеялар ұсыну, командамен жұмыс істеу, жауапты шешім қабылдау және өзгерістерге жылдам бейімделу қабілеттеріне ерекше назар аударылды.
Шыңғыс Нұрғазының айтуынша, қазіргі таңда көшбасшылық тек атқаратын қызметпен өлшенбейді. Нағыз көшбасшы жаңа шешімдер ұсынып, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі және идеяларды нақты жобаларға айналдыра алуы қажет.
— Университет – тек білім алатын орын емес. Бұл – жаңа идеялар туындайтын, кәсіби дүниетаным қалыптасатын және болашақ жетістіктерге жол ашылатын орта. Студенттердің алғашқы күннен бастап бастама көтеруден қорықпай, ғылыми ізденіспен айналысуы және креативті ойлау қабілетін дамытуы маңызды, – деді лектор.
Дәріс барысында студенттерге Жоғары экономика және бизнес мектебінде жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жобаларына, халықаралық бағдарламаларға, студенттік бастамалар мен түрлі іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері де таныстырылды.
Білім күніне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылған дәріс бірінші курс студенттерін университеттің академиялық ортасымен таныстыруға және оларды жаңа оқу жылына ынталандыруға бағытталды.
Кездесу соңында Шыңғыс Нұрғазы студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға білім жолында табыс, батылдық, шығармашылық ізденіс және қоғамды жақсы жаққа өзгерте алатын идеялар тіледі.