Қытайтану кафедрасының 3 курс студенті Қытайдағы жазғы лагерьге қатысты
Қытайтану кафедрасының 3 курс студенті Нұрбекұлы Нұрғиса Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің жастарына арналған «Жастар көшбасшылығы» (上合组织成员国青年领导力项目) жазғы тағылымдамасына қатысты.
Тағылымдама білім беру, мәдени және тәжірибелік бағыттарды қамтыған мазмұнды бағдарлама негізінде ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында қатысушылар қытай тілін жетілдіруге арналған сабақтарға қатысып, танымдық дәрістер тыңдады, мәдени шеберлік сабақтарына, шығармашылық және интеллектуалдық іс-шараларға қатысты.
Тағылымдаманың маңызды бағыттарының бірі – Қытайдың мәдениеті мен заманауи дамуын таныстыруға арналған мәдени-танымдық бағдарлама болды. Қатысушылар Шанхай қаласына экскурсия жасап, мегаполистің заманауи келбетімен жақынырақ танысты. Сонымен қатар «Бір күн шанхайлық ретінде» (做一天上海人) атты арнайы мәдени бағдарламаға қатысты.
Бағдарлама аясында Ханчжоу қаласына екі күндік мәдени сапар ұйымдастырылып, қатысушылар Қытайдың тарихи және мәдени мұрасымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ тағылымдама қатысушылары Tencent сияқты ірі қытайлық технологиялық компанияға барып, қытай каллиграфиясы мен дәстүрлі өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден келген жастармен бірге оқу және түрлі іс-шараларға қатысу халықаралық достық пен мәдени алмасуды дамытуға мүмкіндік берді. Тағылымдама барысында жаңа тәжірибе жинақталып, халықаралық байланыстар орнатылды.
Нұрбекұлы Нұрғиса үшін аталған бағдарлама қытай тілін жетілдіруге, Қытайдың мәдениеті мен қазіргі заманғы даму ерекшеліктерін тереңірек тануға, халықаралық ортада тәжірибе жинақтауға және жеке тұлғалық әрі кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік берген маңызды тәжірибе болды.