- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қытайтану кафедрасының өкілдері ШЫҰ-ның Бішкек саммитіне арналған халықаралық онлайн-семинарға қатысты
Қытайтану кафедрасының өкілдері ШЫҰ-ның Бішкек саммитіне арналған халықаралық онлайн-семинарға қатысты
4 қыркүйекте PhD, Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Асыл Мөлдір және кафедра докторанты Еркін Арайнұр Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бішкек саммитін Қазақстан тұрғысынан талдауға арналған халықаралық тақырыптық онлайн-академиялық семинарға қатысты.
Академиялық семинардың тақырыбы — «Ұстаным мен реакция, мүдделер мен ынтымақтастыққа сұраныстар: Қазақстан тұрғысынан ШЫҰ-ның Бішкек саммитін талдау және ынтымақтастық перспективалары».
Іс-шараны «Бір белдеу — бір жол» бастамасының Бейжің стратегиялық даму зерттеу орталығы ұйымдастырды. Семинар Қытай мен Қазақстан сарапшылары арасында академиялық пікір алмасуға арналған сараптамалық онлайн алаң ретінде өтті.
Семинар барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығына, Бішкек саммитінің Орталық Азияның өңірлік жүйесін трансформациялаудағы маңызына, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты өзара іс-қимылын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы практикалық ынтымақтастық перспективаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қазақстанның түрлі қоғамдық-саяси және сарапшылық топтарының Бішкек саммитіне қатысты ұстанымы мен реакциясына, сондай-ақ олардың ШЫҰ-ны одан әрі дамытуға байланысты негізгі мүдделері мен күтулеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, әлеуетті мүмкіндіктер мен қолданыстағы пікір алшақтықтарын, сондай-ақ көпжақты тетіктер аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін қарастырды.
Іс-шара барысында Асыл Мөлдір мен Еркін Арайнұр ғылыми баяндамалар жасап, ШЫҰ қызметіне, өңірлік ынтымақтастыққа және Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылына қатысты өз зерттеулері мен сараптамалық бағалауларын ұсынды.
Қытайтану кафедрасы өкілдерінің халықаралық академиялық семинарға қатысуы ғылыми зерттеулерді таныстыруға, шетелдік сарапшылармен пікір алмасуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.