«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ — ҚазҰУ

«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

5 қыркүйек 2026
«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

2026 жылдың 4 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттың рухани негізі» тақырыбында студенттермен дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға «6В02209 – Түркітану» білім беру бағдарламасының 1-курс білім алушылары және «6В01704 – Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 2-курс білімгерлері қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – білім алушыларға тілдің ұлттың рухани болмысын, тарихи жадын, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сақтаудағы маңызын түсіндіру, мемлекеттік тілге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыру болды.

Кездесу барысында тілдің қоғамдағы орны, ана тілінің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы қызметі, көптілді ортадағы қазақ тілінің маңызы туралы пікірлер айтылды. Сонымен қатар студенттерге 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің мәні мен тарихы туралы ақпарат беріліп, бұл күннің қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтастығы түсіндірілді.

Іс-шара барысында студенттерге тіл, ұлттық құндылық, тіл мәдениеті және мемлекеттік тілдің болашағына қатысты түрлі сауалдар қойылып, еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Білім алушылар өз ойларын ортаға салып, тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың рухани мұрасы мен мәдени коды екеніне назар аударды.

Дөңгелек үстел қорытындысында ана тілін құрметтеу, оны сауатты қолдану және болашақ ұрпаққа жеткізу әр азаматтың жауапкершілігі екені атап өтілді. Осындай іс-шаралар студенттердің тілге деген құрметін арттырып, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.

 

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері К.Б. Аширкулов, PhD, доцент м.а. Ш.Т. Кудярова, аға оқытушы А.З. Кайбулдаева, 1-курс PhD докторанты Акжигитова Арайлым