КазҰУ-да «Заң мен тәртіп» жобасы аясында маңызды кездесу өтті
2026 жылдың 2 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенттері үшін «Заң мен тәртіп» жобасы аясында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері: Бостандық ауданы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Магзумова Динара Қойшыбайқызы және Бостандық АПБ КПБ аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шарипбек Бактияр Шарипбекұлы дәріс оқыды.
Кездесу барысында спикерлер жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың негізгі себептері мен олардың салдарларын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Студенттерге полиция тарапынан атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар, оның ішінде түнгі рейдтер, құқықтық дәрістер және әлеуметтік желілердегі ескерту хабарламалары туралы ақпарат берілді.

Тәртіп сақшылары бала тәрбиесі мен жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасының, оқу орнының және полицияның бірлескен жұмысы аса маңызды екенін жеткізді. «Балаға бүгінгі көңіл – ертеңгі елдің болашағы» деген ұранмен және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында өткен бұл шара студенттердің құқықтық жауапкершілігін арттыруға септігін тигізді.