Циндао университетімен бірлескен жобалар жүзеге асады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне проректор, профессор Чжан Юймэй бастаған Циндао ауыл шаруашылығы университетінің делегациясы келді. Сапар барысында ҚазҰУ басшылығымен кездесу өтіп, екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Қытайлық университет өкілдерімен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Самғат Ермекбаев тілдесті. Кездесуге Ақпараттық технологиялар және механика-математика факультеттерінің ғалымдары қатысты. Қытай делегациясының құрамында Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік зерттеу орталығының, Ақпаратты басқару орталығының, Ауыл шаруашылығы колледжінің, сондай-ақ Жаратылыстану және ақпараттық ғылымдар колледжінің өкілдері болды.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастықты нығайту білім мен ғылымды интернационалдандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін ұштастыру ауыл шаруашылығы саласына қажетті қолданбалы шешімдер әзірлеуге және академиялық ұтқырлықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Чжан Юймэй Циндао ауыл шаруашылығы университетінің қызметі мен ғылыми-білім беру әлеуеті туралы айтып берді. Университет құрамында 26 оқу құрылымы бар, студенттер саны 30 мыңнан асады. Жоғары оқу орны әлемнің 20 елі мен өңіріндегі 100-ден астам ұйыммен ынтымақтастық орнатқан.

Қытайлық университет проректоры бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын қолға алуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытуға және халықаралық ғылыми жобаларға бірлесіп қатысуға дайын екенін жеткізді. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми және академиялық серіктестікті дамытудың перспективалары қарастырылды. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу және ғалымдар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе орнықты ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, ақпараттық технологиялар, экология, биотехнология және білікті мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастыққа назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіріп, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтауға келісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар