- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Жібек жолы» халықаралық жазғы мектебі: ғылым, білім және мәдениетаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
«Жібек жолы» халықаралық жазғы мектебі: ғылым, білім және мәдениетаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
2026 жылғы 25 шілде – 3 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Чжэнчжоу қаласындағы Чжэнчжоу университетінің кампусында өткен «Жібек жолы» ғылыми және педагогикалық біліктілікті арттыру бойынша халықаралық жазғы мектебіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен докторанттары қатысты.
Халықаралық жазғы мектеп Қытай, Орталық Азия елдері және Ресейдің жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру және мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстарды дамытуға бағытталды.
Жобаның жүзеге асуына Философия кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Зейінәбіл Смайлханұлының 2026 жылғы 10–17 мамыр аралығында Чжэнчжоу университетіне жасаған ресми іссапары негіз болды. Сапар барысында профессор геосаясат мәселелері бойынша дәрістер оқып, қытайлық әріптестерімен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар Жібек жолы университеттері мен консалтингтік компаниялар қауымдастығының төрағасы Нұржан Байтемировтың ұйымдастырушылық қолдауы екіжақты академиялық байланысты нығайтуға ықпал етті. Кездесулер нәтижесінде Чжэнчжоу университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында бірлескен академиялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды. Осы келісімдер негізінде Чжэнчжоу университетінің Шетел тілдері және халықаралық қатынастар институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасы және Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты бірлесіп «Жібек жолы» халықаралық жазғы мектебін ұйымдастырды.
Жазғы мектептің бағдарламасы 72 академиялық сағатты қамтып, ғылыми-зерттеу әдістемесі мен академиялық жазылым, цифрлық педагогика, жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану, мәдениетаралық коммуникация, халықаралық ғылыми жобаларды әзірлеу және жоғары білім берудің заманауи мәселелеріне арналды. Академиялық сабақтармен қатар мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды.
Халықаралық мектеп жұмысына Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресейден профессор-оқытушылар, зерттеушілер мен докторанттар қатысты. Барлығы 26 қатысушы академиялық бағдарламаға белсенді атсалысты.
Қазақстан атынан іс-шараға Философия кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Зейінәбіл Смайлханұлы Айдарбеков, қауымдастырылған профессор Пірімбек Сүлейменов, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Перизат Елубаева, Философия кафедрасының докторанты Ақмарал Досжанова, Қытайтану кафедрасының докторанты Фариза Сарсембаева, Қиыр Шығыс кафедрасының докторанты Шынар Сейтнур және университеттің өзге де профессор-оқытушылары қатысты.
Жазғы мектеп аясында Вашингтон университетінің профессоры Wei Chuxiong және Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Халықаралық ынтымақтастық кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Семед Абакаевич дәріс және шеберлік сабақтарын өткізді.
Қатысушылар ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен және педагогикалық әдістемелерімен бөлісіп, жасанды интеллект, цифрландыру, академиялық жазылым және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Философия және саясаттану факультеті оқытушылары мен докторанттарының халықаралық жазғы мектепке қатысуы факультеттің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстар орнатуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Бағдарлама талаптарын толық орындаған қатысушыларға орыс және қытай тілдерінде біліктілікті арттыру сертификаттары табысталды.
Басқа жаңалықтар