ҚазҰУ мен UNISSA академиялық ынтымақтастықты кеңейтеді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Сұлтан Шариф Әли атындағы Ислам университетінен (UNISSA) келген делегация құрамымен кездесті. Жүздесу білім беру, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, қос жоғары оқу орны арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Басқосуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

«Бүгінде ғылым, білім және технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл елдеріміз арасындағы жай ғана көпір емес, тұрақты әрі бейбіт болашақты қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр», – деді Алина Галеева.
.jpeg)
Өз кезегінде Сұлтан Шариф Әли атындағы Ислам университеті ректорының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Сити Сара бинти Хаджи Ахмад өз университетінің тарихына қысқаша тоқталып, оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу және халықаралық байланыстарды дамыту бағытындағы басымдықтары туралы баяндады. Сондай-ақ ол ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытты.

Жүздесу соңында тараптар білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүзеге асыру, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушылар арасында тәжірибе алмасу мәселелерін жан-жақты талқыға салып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар