- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ мен UNISSA: ғылыми ынтымақтастық пен әл-Фараби мұрасын зерттеудің жаңа мүмкіндіктері
ҚазҰУ мен UNISSA: ғылыми ынтымақтастық пен әл-Фараби мұрасын зерттеудің жаңа мүмкіндіктері
2026 жылғы 9 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Бруней-Даруссаламдағы Сұлтан Шариф Әли Ислам университетінің (UNISSA) делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Делегацияны UNISSA ректорының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары, Араб тілі факультетінің профессоры Сити Сара бинти Хаджи Ахмад бастап келді. Делегация құрамында Усулуддин факультетінің профессорлары мен оқытушылары, сондай-ақ университеттің бірқатар ғылыми-білім беру орталықтарының басшылары болды.
Сапар аясында брунейлік делегация өкілдері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Берікбайұлы Мейрбаев, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Дүрбелеңқызы Құрманалиева және кафедраның аға оқытушысы Самет Байжумамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ҚазҰУ мен UNISSA арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу, халықаралық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ оқытушылар, зерттеушілер мен білім алушылар арасындағы академиялық байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
.jpeg)
Сапар барысында UNISSA делегациясы әл-Фараби орталығы мен әл-Фараби мұражайында болып, адамзаттың Екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен интеллектуалдық мұрасына қатысты құнды материалдар, ғұламаның философиялық және ғылыми еңбектері, сондай-ақ ҚазҰУ-да әл-Фараби мұрасын зерттеу бағытында атқарылып жатқан ғылыми жұмыстармен танысты.

Философия және саясаттану факультетінің деканы Б.Б. Мейрбаев екі университет арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жүйелі түрде дамытудың маңызын атап өтті. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау, халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру, зерттеушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және студенттер алмасу бағдарламаларын дамыту бағыттарына назар аударылды.
.jpeg)
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі А.Д. Құрманалиева екі университет ғалымдарының дінтану, исламтану, мәдениеттану және пәнаралық зерттеулер бағытындағы ғылыми байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті. Тараптар профессор-оқытушылар мен жас зерттеушілердің өзара тәжірибе алмасуы, бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру және зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми кеңістікте жариялау мүмкіндіктерін де талқылады.
UNISSA делегациясының өкілдері Әл-Фараби орталығы мен мұражайында ұсынылған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын заманауи ғылыми тұрғыдан зерделеу бағытында жүргізіліп жатқан зерттеулерге қызығушылық танытты.
.jpeg)
Кездесу қорытындысында тараптар ҚазҰУ мен UNISSA арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және екі университеттің зерттеушілері арасындағы тұрақты кәсіби байланысты нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Басқа жаңалықтар