ТДМ 1: Кедейлікті жою аясында өткізілген дөңгелек үстел «Әлеуметтік теңсіздік және тілдік капитал» ақпараттық-талдамалық есебі — ҚазҰУ

ТДМ 1: Кедейлікті жою аясында өткізілген дөңгелек үстел «Әлеуметтік теңсіздік және тілдік капитал» ақпараттық-талдамалық есебі

10 қыркүйек 2026
ТДМ 1: Кедейлікті жою аясында өткізілген дөңгелек үстел «Әлеуметтік теңсіздік және тілдік капитал» ақпараттық-талдамалық есебі

2026 жылғы 10 қыркүйекте сағат 14:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің академик Ә.Т. Қайдаров атындағы 3-2 дәрісханасында Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 1-бағыты - «Кедейлікті жою» аясында «Әлеуметтік теңсіздік және тілдік капитал» тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында тілдік дағдылардың әлеуметтік мәртебеге, еңбек нарығына және тұлғаның қаржылық әл-ауқатына тигізер әсері жан-жақты талқыланды.

  Дөңгелек үстелде «тілдік капитал» тұлғаның әлеуметтік және экономикалық құндылыққа ие тілдік білімдерінің, дағдылары мен құзыреттіліктерінің жиынтығы ретінде қарастырылды. Франция социологі Пьер Бурдьенің концепциясына сүйене отырып, тіл әлеуметтік капиталдың негізгі формасы ретінде талданды: белгілі бір сөйлеу мәнері, академиялық тілді меңгеру және беделді тілдік кодтарды білу қоғамда айтарлықтай артықшылықтар береді. Қазіргі бәсекеге қабілетті студенттің бойында қазақ тілін академиялық деңгейде меңгеру, орыс және ағылшын тілдерінде еркін қатысым орнату, кәсіби терминологияны игеру мен ораторлық шеберлік сияқты тілдік капитал элементтері болуы тиіс. Осы құзыреттерге ие білім алушының халықаралық білім беру және кәсіби мүмкіндіктерге қолжетімділігі әлдеқайда жоғары екені айтылды.

    Шарада «Барлық адамдарда тілдік капиталды қалыптастыруға тең мүмкіндік бар ма?» деген басты дискуссиялық сұрақ қойылып, студенттердің қатысуымен нақты мысалдар талқыланды. Жекеменшік мектепте оқып, қосымша тілдік курстар мен репетиторларға қатысуға, халықаралық сертификаттар (IELTS/TOEFL) емтихандарын төлеуге мүмкіндігі бар студент пен ауылдық немесе жалпы білім беретін мектепте оқып, қосымша курстарға қаражаты жеткіліксіз, ағылшын тілін тек мектеп бағдарламасы шегінде меңгерген студенттің жағдайы салыстырылды. Заңнамалық тұрғыдан екі студенттің де білім алуға құқығы тең болғанымен, олардың бастапқы әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері түрліше. Бұл жағдай қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің тілдік білім арқылы тереңдей түсетінін айқын көрсетеді.

 

    Дөңгелек үстел қатысушылары тілдік капитал мен кедейлік арасындағы тікелей логикалық тізбекті айқындады: әлеуметтік-экономикалық жағдай сапалы тілдік білімге қолжетімділікті айқындайды, ол тілдік капиталды қалыптастырады, ал тілдік капитал беделді жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, табыс деңгейі мен әлеуметтік мобильділікке әсер етеді. Тілдің өзі кедейліктің тікелей себебі болмаса да, сапалы тілдік білімге теңсіз қолжетімділік халықтың әлеуметтік осал топтарының кәсіби өсуін шектейді. Сондықтан ТДМ 1 (кедейліктің барлық түрлерін жою), ТДМ 4 (сапалы білім мен дағдыларға тең қолжетімділік) және ТДМ 10 (теңсіздікті азайту) мақсаттары бір-бірімен тығыз байланысты.

   Дөңгелек үстел соңында қатысушылар университет қабырғасында білім алушылардың тілдік капиталын арттыру, білімдегі теңсіздіктерді жою және әлеуметтік мобильділікті қамтамасыз ету бағытында білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындады.

  Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері Канат Аширкулов, кафедра меңгерушісінің тәрбие және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Шолпан Таубайқызы, кафедраның доцент м.а. Марина Жамбылқызы, профессор-зерттеуші Сауле Бектемирова, профессор м.а. Перизат Елубаева, «8D01705 – Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1-курс докторанты Арайлым Ақжигитова және «6B01701 – Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 2-курс студенттері.