ҚазҰУ-да NURER 2026 халықаралық конференциясы өтті
2026 жылғы 10 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ядролық және жаңартылатын энергия ресурстары жөніндегі VIII халықаралық конференцияның — NURER 2026 (Nuclear and Renewable Energy Resources) — офлайн бағдарламасы өтті. Конференция ҚазҰУ-дың Физика-техникалық факультеті мен Механика-математика факультетінің белсенді қатысуымен ұйымдастырылып, ядролық энергетика, жаңартылатын энергия көздері, сутегі технологиялары, жасанды интеллект және тұрақты энергетикалық жүйелер салаларындағы мамандарды бір ғылыми алаңға тоғыстырды.
Алдын ала жарияланған баспасөз-релизінде конференцияның бағдарламасы мен негізгі бағыттары таныстырылса, NURER 2026-ның офлайн күні тікелей ғылыми пікір алмасуға, жаңа зерттеу нәтижелерін ұсынуға және қазіргі заманғы технологиялық міндеттерді талқылауға арналды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Түркия, Қытай, Моңғолия, Иран, Ресей, Румыния, Болгария және басқа да елдердің ғалымдары мен зерттеушілері қатысты. Қатысушылар қатарында Gazi University, Harbin Engineering University, Harbin Institute of Technology, Joint Institute for Nuclear Research және өзге де халықаралық университеттер мен ғылыми орталықтардың өкілдері болды. Қатысушылар құрамы конференцияның пәнаралық сипатын айқын көрсетті: талқыланған тақырыптар реакторлық физика мен радиациялық материалтанудан бастап, сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар және энергетикалық жүйелерді интеллектуалды басқаруға дейінгі кең ауқымды қамтыды.
Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуде ҚазҰУ Физика-техникалық факультеті ерекше рөл атқарды. Факультет деканы, профессор Нұрзада Бейсен NURER 2026 конференциясының тең төрағасы ретінде қызмет атқарды. Ал конференцияның Бас төрағасы Gazi University, Türkiye профессоры Hacı Mehmet Şahin болды.
Ғылыми бағдарламаға Механика-математика факультеті де елеулі үлес қосты. Факультет деканы, профессор Мадина Мансурова “From Energy Data Lakes to Sovereign AI: Building an AI-Ready Data Space for Nuclear and Renewable Energy Systems” тақырыбында негізгі баяндама жасап, ядролық және жаңартылатын энергетикалық жүйелер үшін деректер инфрақұрылымын құру және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін қарастырды.
Конференцияның офлайн ғылыми бағдарламасы төрт негізгі тақырыптық бағыт бойынша құрылды: Advanced Fission Systems & Nuclear Reactor Technologies, Hydrogen & Renewable Energy Technologies, Nuclear Materials, Fuel Cycle & Fusion Energy, сондай-ақ AI, Energy Management & Sustainable Energy Systems. Мұндай құрылым ядролық физика мен энергетиканың дәстүрлі бағыттарын цифрландыру, жасанды интеллект және тұрақты даму салаларындағы заманауи зерттеулермен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Бірінші секцияда заманауи реакторлық технологиялар, ядролық қондырғылардағы үдерістерді модельдеу, жылу-гидравликалық мәселелер, қауіпсіздік және реакторларды жобалаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Жеке тақырыптық блок сутегі және жаңартылатын энергетикаға арналды. Онда фотоэлектрлік жүйелер, күн энергетикасы, жылулық үдерістер, энергетикалық технологиялардың экологиялық әсерін бағалау және заманауи болжау әдістері қарастырылды.
Үшінші секция ядролық материалдар, отын циклі және термоядролық жүйелер бойынша зерттеулерді қамтыды. Қатысушылар радиациялық материалдар, тритий тасымалы, токамак технологиялары және болашақ термоядролық қондырғыларға арналған материалдар бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды.
Жасанды интеллект пен энергетиканы интеллектуалды басқаруға арналған секция ерекше қызығушылық тудырды. Онда critical energy infrastructure үшін trustworthy AI технологияларын қолдану, энергетикалық жүйелер параметрлерін болжауда deep learning әдістерін пайдалану, digital twins, гибридті энергетикалық жүйелерді интеллектуалды басқару және заманауи оңтайландыру тәсілдері талқыланды. Конференция бағдарламасы энергетика, математикалық модельдеу, есептеу технологиялары және үлкен деректерді талдау арасындағы өзара ықпалдастықтың барған сайын күшейіп келе жатқанын көрсетті.

Физика-техникалық және Механика-математика факультеттерінің бірлескен жұмысы іргелі физикалық зерттеулерді, энергетикалық технологияларды, математикалық әдістерді және цифрлық шешімдерді бір халықаралық ғылыми алаңда біріктіруге мүмкіндік берді. Мұндай пәнаралық тәсіл қазіргі энергетиканың күрделі міндеттерін шешу үшін ерекше маңызды, өйткені технологиялық, есептеу және экологиялық аспектілер бір-бірімен барған сайын тығыз байланысуда.
NURER 2026 конференциясын өткізу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту, бірлескен зерттеулерді дамыту және жас ғалымдарды жаһандық ғылыми күн тәртібіне тарту тұрғысынан маңызды. Конференция ғылыми топтар арасында тікелей кәсіби байланыс орнатуға, бірлескен жарияланымдар мен жаңа ғылыми бастамаларды талқылауға, сондай-ақ перспективалы халықаралық жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
NURER 2026 тақырыптары БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей үндеседі. Атап айтқанда, конференция ТДМ 7 — «Қолжетімді және таза энергия», ТДМ 9 — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым», ТДМ 13 — «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және ТДМ 17 — «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» бағыттарына сәйкес келеді.
Алматыда өткен офлайн бағдарлама NURER 2026 конференциясының маңызды бөлігіне айналып, ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми диалог алаңы ретіндегі рөлін айқындады. Физика-техникалық және Механика-математика факультеттерінің белсенді қатысуы ядролық және тұрақты энергетиканың болашағын талқылауда пәнаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетті.
Басқа жаңалықтар