Биология және биотехнология факультеті 1-курс студенттеріне арналған «Бағдар беру апталығы» — ҚазҰУ

Биология және биотехнология факультеті 1-курс студенттеріне арналған «Бағдар беру апталығы»

28 тамыз 2026
Биология және биотехнология факультеті 1-курс студенттеріне арналған «Бағдар беру апталығы»

ҚазҰУ қалашығына экскурсия 

Бірінші курс студенттеріне тамыз айының 25 ші жұлдызынан 31 тамыз аралығында университет қалашығы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Мақсаты: Бірінші курс студенттерін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру ортасымен, факультет құрылымымен, кафедраларымен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және студенттік өмірмен таныстыру. Студенттердің университеттік ортаға бейімделуіне жағдай жасау, академиялық және әлеуметтік мүмкіндіктер туралы ақпарат беру, факультет ұжымымен және студенттік активпен таныстыру. Экскурсия барысында студенттер ҚазҰУ-дың негізгі әлеуметтік, мәдени және білім беру нысандарымен танысты. Экскурсия бағыты:

  • «Әл-Фараби» кітапханасы – кітапхана қызметімен, оқу залдарымен және студенттерге ұсынылатын ақпараттық ресурстармен таныстыру;

  • «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы – студенттерге көрсетілетін негізгі қызмет түрлері туралы ақпарат беру;

  • ҚазҰУ Бас мұражайы – университеттің тарихы, қалыптасуы мен жетістіктері туралы ақпарат алу;

  • Биология мұражайы – биологиялық ғылымдардың даму тарихы, экспонаттар және факультеттің ғылыми-білім беру бағыттарымен танысу. Экскурсия барысында студенттер университет инфрақұрылымын тиімді пайдаланудың негізгі мүмкіндіктерін меңгереді. Бірінші курс студенттерінің Биология және  биотехнология факультетінің басшылығымен кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында студенттерге факультеттің құрылымы, білім беру бағдарламалары, оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібі, студенттердің құқықтары мен міндеттері, академиялық мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу жолдары және қоғамдық-мәдени іс-шаралар туралы ақпарат берілді. Студенттер факультет деканы, деканның орынбасарлары және факультеттің жауапты қызметкерлерімен танысты.Бірінші курс студенттері факультет құрамындағы кафедралармен танысты:

  1. Биотехнология кафедрасы;

  2. Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасы;

  3. Ботаника және агроэкология кафедрасы;

  4. Зоология, гистология және цитология кафедрасы;

  5. Молекулалық биология және генетика кафедрасы.

Кафедра өкілдері студенттерге кафедраның ғылыми-білім беру бағыттары, оқытылатын пәндер, зертханалар, ғылыми жобалар, студенттердің ғылыми үйірмелері және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады.

Сонымен қатар студенттер куратор-эдвайзерлерімен танысып, оқу барысында академиялық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша кеңес алу тәртібімен танысты. Студенттерге ҚазҰУ-дың:

  • Академиялық саясаты;

  • Ар-намыс кодексі;

  • ішкі тәртіп ережелері;

  • студенттердің құқықтары мен міндеттері;

  • академиялық адалдық қағидаттары;

  • білім алушының жауапкершілігі

туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ студенттерді UNIVER ақпараттық жүйесімен таныстыру, жүйеге кіру тәртібін көрсету және жеке логин мен парольдерді тарату жұмыстары жүргізілді. Студенттерге оқу үлгерімін бақылау, сабақ кестесін қарау, пәндер бойынша ақпарат алу, оқытушылармен байланысу және университеттің басқа да электрондық сервистерін пайдалану мүмкіндіктері түсіндірілді.

«Бағдар беру апталығы» нәтижесінде бірінші курс студенттері университеттің оқу және әлеуметтік ортасына бейімделіп, факультет басшылығымен, кафедра оқытушыларымен, куратор-эдвайзерлермен және студенттік активпен танысты. Студенттер ҚазҰУ қалашығының негізгі нысандарының орналасуын, UNIVER жүйесін пайдалану тәртібін, академиялық және ішкі тәртіп талаптарын меңгеріп, университеттің қоғамдық, ғылыми, мәдени және әлеуметтік өміріне белсенді араласуға қажетті бастапқы ақпарат алды.

«Бағдар беру апталығы» – студенттің университет өміріне алғашқы қадамын сенімді бастауына, жаңа ортаға тез бейімделуіне және өзін ҚазҰУ-дың үлкен академиялық қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуіне бағытталған маңызды іс-шаралар кешені.

Деканның әлеуметтік – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Басыгараев Ж.М.