Еңбек бөлінісінен – цифрлық экономикаға дейін
Биыл экономикалық ой тарихындағы аса маңызды еңбектердің бірі – Адам Смиттің «Халықтар байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты кітабының жарық көргеніне 250 жыл толады. Алғаш рет 1776 жылы жарияланған бұл еңбек экономикалық ғылымның қалыптасуына орасан зор ықпал етіп, бүгінгі күнге дейін экономикалық өсу, бәсекелестік, кәсіпкерлік, еңбек бөлінісі және мемлекеттің рөлі сияқты мәселелерді түсіндіруде маңызды идеялардың негізі болып келеді.
Адам Смит тек экономист емес, қоғамдық өмірді өзара байланысқан күрделі жүйе ретінде түсіндіруге ұмтылған ғалым. Ол экономикалық қызметті саяси, құқықтық, әлеуметтік және адамгершілік институттармен тығыз байланыста қарастырды. Сондықтан Смиттің ғылыми мұрасы оны тек еркін нарықты жақтаушы ретінде қабылдайтын кең таралған түсініктен әлдеқайда ауқымды.
Адам Смиттің маңызды ғылыми жетістіктерінің бірі – ұлттық байлық ұғымын қарастыруында. XVIII ғасырда меркантилизм идеялары ықпалды болды, оның өкілдері мемлекеттің экономикалық қуатын ең алдымен алтын мен күмістің қоры және сыртқы саудадағы оң теңгеріммен байланыстырды. Ал Смит бұған мүлде өзгеше көзқарас ұсынды. Ол байлықтың басты қайнар көзі қоғамның тиімді қызметінде, айырбастың дамуында және экономиканың халыққа қажетті тауарлар мен қызметтермен қамтамасыз ету қабілетінде деп есептеді. Бұл көзқарас байлықты тиімді өндіріс нәтижесі ретінде қарайды, бұл идея қазіргі таңда да өз маңызын жоғалтқан жоқ.
«Халықтар байлығы» еңбегіндегі ең танымал қағидалардың бірі еңбек бөлінісі теориясы. Оны түсіндіру үшін Смит түйреуіш мануфактурасының мысалын келтіреді. Егер бір адам өндірістік операциялардың барлығын өзі орындаса, оның өнімділігі салыстырмалы түрде төмен болады. Ал өндіріс үдерісі жеке операцияларға бөлініп, әр жұмысшы белгілі бір қызметке маманданған жағдайда өнім көлемі бірнеше есе артады.
Смиттің пікірінше, өнімділіктің өсуі жұмысшылардың кәсіби дағдыларының жетілуі, бір операциядан екіншісіне ауысуға кететін уақыттың қысқаруы және мамандандырылған машиналар мен құралдарды пайдалану мүмкіндігінің артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Екі ғасыр өткеннен кейін де бұл қағида өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, ол қазіргі әлемдік экономиканың ұйымдастырылуының негізіне айналды. Цифрлық экономика да мамандану қағидасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Қазіргі заманғы бір өнімді әлемнің әр бөлігінде орналасқан мамандар, инженерлер, дизайнерлер, маркетологтар мен сарапшылар бірлесіп онлайн жасай алады. Осылайша еңбек бөлінісі жөніндегі классикалық идея бүгінде жаһандық сипатқа ие болды.
Смит еңбек бөлінісін капиталдың жинақталуымен байланыстырды. Өнімділіктің артуы қосымша өнім жасауға мүмкіндік береді. Оның белгілі бір бөлігі өндірісті кеңейтуге, құрал-жабдықтар сатып алуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталуы мүмкін. Осылайша келесідей өзіндік даму тетігі қалыптасады: еңбек бөлінісі – өнімділіктің өсуі – табыстың артуы – капиталдың жинақталуы – инвестициялар – технологиялық жетілдіру – өнімділіктің одан әрі өсуі. Қазіргі экономика да көп жағдайда осы логика бойынша дамиды. Кәсіпорындардың цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге, автоматтандыру мен роботтандыруға салатын инвестициялары өндіріс тиімділігін арттырып, жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік береді. Демек, Смит идеялары технологиялық экономика жағдайында да экономикалық өсудің негізгі тетіктерін түсінуге көмектеседі.
Адам Смит идеяларының қазіргі экономикадағы маңызын түсіндіруде жоғары экономикалық білімнің рөлі ерекше. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде болашақ экономистер классикалық және заманауи экономикалық теорияларды, экономикалық ілімдер тарихын, кәсіпорын экономикасын, қаржы мен басқару мәселелерін жүйелі түрде меңгереді. Мұндай білім беру ортасы студенттерге Адам Смит еңбектерін тек тарихи мұра ретінде емес, қазіргі экономикалық үдерістерді талдаудың теориялық негізі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе еңбек бөлінісі, өнімділік, капиталдың жинақталуы, кәсіпкерлік пен бәсекелестік мәселелері қазіргі Қазақстан экономикасының дамуымен байланыстыра зерттеліп, студенттердің экономикалық ойлауын және сыни талдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Адам Смит мұрасының бір ерекшелігі – экономиканы өндіріс, айырбас, адамдардың мүдделері, мемлекет, институттар мен адамгершілік нормалар өзара әрекет ететін тірі жүйе ретінде қарастырды. Технологиялар, бизнес модельдер мен жаһандық экономиканың құрылымы өзгергенімен, Адам Смит қарастырған экономикалық дамудың іргелі мәселелері әлі де өзекті.
Бикен НҰРМАНОВА,
аға оқытушы
Гүлмира АНДАБАЕВА,
доцент-зерттеуші
Басқа жаңалықтар