ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА «KITAP TIME – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ — ҚазҰУ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА «KITAP TIME – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

16 қыркүйек 2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА «KITAP TIME – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

2026 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында еліміздің рухани-мәдени өміріндегі маңызды шаралардың бірі – «Kitap Time – 2026» республикалық кітап фестивалі өтті.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған «Kitap Time» фестивалінің ауқымын кеңейту және еліміздің барлық өңірлерін біртұтас мәдени бастамаға біріктіру мақсатында республикалық және облыстық кітапханаларда аталған шараны 11 қыркүйек күні бірыңғай форматта бір мезгілде өткізу бастамасы қолға алынды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – оқу белсенділігін арттыру, кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, оқырман мәдениетін қалыптастыру және кітапхананың қоғамдағы рухани-ағартушылық рөлін арттыру.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында оқырмандар мен кітап сүйер қауымға арналған бірқатар танымдық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, «Мемлекеттік тапсырыспен 2025–2026 жылдары жарық көрген басылымдар» атты кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар «Алақандай асыл мұра» тақырыбында миниатюралық және сирек кітаптар экспозициясы көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық кітап мұрасының құндылығы мен тарихи маңызы таныстырылды.

Фестиваль бағдарламасында «Республикалық және аймақтық баспасөз: газеттердің ахуалы мен әлеуеті» атты кәсіби кездесу өтіп, қазіргі баспасөздің даму бағыттары мен болашағы талқыланды.

Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған «Әдебиетпен әлемді арала» интерактивті әдеби саяхаты қатысушыларға түрлі әдеби шығармалар әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Автордан – оқырманға» атты автограф-сессия, «Book blogger» форматындағы кездесу ұйымдастырылып, кітап авторлары, оқырмандар және заманауи кітап мәдениетін насихаттаушы блогерлер арасында мазмұнды пікір алмасу өтті.

Фестиваль бағдарламасы аясында Р. Дж. Паласионың шығармасы желісі бойынша түсірілген «Ғажайып» атты драмалық фильмнің көрсетілімі де ұйымдастырылды. Кино көрсетілімі арқылы адамгершілік, мейірімділік, достық және қоғамдағы өзара түсіністік құндылықтары кеңінен насихатталды.

«Kitap Time – 2026» фестивалі кітаптың қоғамдағы рухани және ағартушылық маңызын арттыруға, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға және жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени бастама болды.

 

Деканның әлеуметтік – тәрбие жөніндегі орынбасары   Басыгараев Ж.М.