«Заң және тәртіп» тақырыбында ашық дәріс өтті.
2026 жылғы 16 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің «Қазақ филологиясы» мамандығы студенттерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» тақырыбында ашық дәріс өтті.Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін білуге бағыт беру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және студенттер арасында құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру.Ашық дәріске Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушылары Советхан Шынар Дастанқызы мен Тұрысбек Асем Берікқызы арнайы қонақ ретінде қатысты.
.jpeg)
Дәріс барысында жастардың құқықтары мен міндеттері, студенттің қоғамдық ортада өзін заң аясында ұстауы, құқық бұзушылықтың алдын алу, өз құқықтарын қорғау жолдары және заң талаптарын сақтаудың маңызы туралы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар университет аумағындағы тәртіп ережелері, білім алушының жауапкершілігі, басқа адамдардың құқықтары мен жеке шекараларын құрметтеу мәселелеріне назар аударылды.Кездесу барысында жатақханадағы тәртіп пен студенттердің жауапкершілігіне де жеке тоқталды. Жатақханада бірге тұратын студенттердің бір-бірінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау, ішкі тәртіп ережелерін орындау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, жанжал туындаған жағдайда мәселені заңды және бейбіт жолмен шешу жөнінде түсініктемелер берілді.

Дәріс сұрақ-жауап форматында жалғасты. Студенттер күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі құқықтық жағдайлар бойынша сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Әсіресе студенттің құқықтары бұзылған жағдайда қайда және қалай жүгіну керек, қандай жағдайда әкімшілік немесе өзге де жауапкершілік туындайды, қоғамдық орындар мен жатақханада қандай талаптарды сақтау қажет деген мәселелер бойынша пікір алмасты.Іс-шараға «Қазақ филологиясы» мамандығының студенттері толық құрамда куратор-эдвайзерлерімен бірге қатысты. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары Күркебаев К.Қ., Абитжанова Ж.А., Төлеева Н.А., Ақжігітова А.О. студенттермен бірге ашық дәріске қатысып, оның ұйымдастырылуына атсалысты.Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастыруға Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Сағындық Н.Б. қатысты.Ашық дәріс студенттерге өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсінуге, заң талаптарын құрметтеуге және күнделікті өмірде жауапкершілікпен әрекет етуге бағыт берді. Заңды білу және оны сақтау – әрбір азаматтың, соның ішінде студент жастың да маңызды міндеті.