- Басты бет
- Жаңалықтар
- ТДМ 2: «Аштықты жою» – №17 Студенттер үйін аралау күні аясында өткізілген «Қайырымдылық және мейірімділік: азық-түлік банкі» қайырымдылық акциясы
ТДМ 2: «Аштықты жою» – №17 Студенттер үйін аралау күні аясында өткізілген «Қайырымдылық және мейірімділік: азық-түлік банкі» қайырымдылық акциясы
2026 жылғы 16 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары №17 Студенттер үйіне жоспарлы аралау жүргізді. Студенттердің тұрмыстық жағдайын бақылау, олардың әлеуметтік-психологиялық бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл сапар БҰҰ-ның 2-Тұрақты даму мақсаты – «Аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тамақтану сапасын жақсарту» идеяларын практикалық тұрғыда жүзеге асыруға бағытталған «Қайырымдылық және мейірімділік: азық-түлік банкі» әлеуметтік бастамасымен үйлесімді түрде біріктірілді.
Іс-шараның негізгі тұжырымдамасы «Бір студент – бір өнім – бір игі іс» қағидатына негізделіп, студенттік қауымдастық арасында белсенді қолдау тапты. Аралау барысында №17 Студенттер үйінде арнайы «Мейірімділік сөресі» (өзара көмек қоржыны) орнатылып, оған білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамы өз еркімен жинаған ұзақ сақталатын азық-түлік өнімдері (жармалар, макарон өнімдері, ұн, қант, шай, консервілер, печенье т.б.) орналастырылды.

«Алып кет – қажет болса. Қалдыр – мүмкіндігің болса» деген ашық әрі қарапайым ұран білім алушылар арасында өзара сенім, құрмет және жанашырлық атмосферасын қалыптастырды. Бұл жүйе уақытша қаржылық немесе тұрмыстық қиындықтарға тап болған кез келген студентке ешқандай тіркеусіз, әлеуметтік қысымсыз және артық түсініктемелерсіз қажетті өнімді алуға мүмкіндік береді.
Аталмыш іс-шараның сәтті өтуінде «6В01706 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттерінің қосқан үлесі ерекше атап өтуге лайық.
Білім алушылар ұйымдастырушылық қабілеттері мен жоғары азаматтық жауапкершіліктерін көрсете білді. Олардың ортақ іске деген жанашырлығы, әлеуметтік белсенділігі мен бастамашылдығы университет қабырғасында сапалы білім алып қана қоймай, гуманистік құндылықтарды ту еткен саналы тұлға ретінде қалыптасып келе жатқанын айқын танытты. Студенттердің бұл қадамы курстастарына деген шынайы қамқорлықтың және университеттің ішкі корпоративтік мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті.
Өткізілген іс-шара студенттердің тұрмыс жағдайын саралап қана қоймай, әлеуметтік ынтымақтастықты арттырып, Тұрақты даму мақсаттарын университет деңгейінде нақты іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын үлгісі болды.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Н.А. Исмаилова – PhD,аға оқытушы, түркітану және тіл теориясы кафедрасы меңгерушісінің тәрбие және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж.Ж. Күзембекова – PhD, қауымдастырылған профессор, түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы А.Қ. Ақжигитова және «6В01706 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері.