- Басты бет
- Жаңалықтар
- Васэда университеті делегациясының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетіне сапары
Васэда университеті делегациясының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетіне сапары
2026 жылғы 7–10 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Васэда университетінің делегациясы жұмыс сапарымен болды. Делегация құрамында Васэда университетінің Гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, профессор Ацуши Огихара және магистратура студенттері қатысты.
Сапар бағдарламасы аясында профессор Ацуши Огихара Шығыстану факультетінің басшылығымен және оқытушылар құрамымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жоғары білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту бағыттары қарастырылды. Тараптар академиялық байланыстарды кеңейту, білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын жандандыру, сондай-ақ жапонтану саласындағы бірлескен академиялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сапардың маңызды бағыттарының бірі – Васэда университетінің магистранттары мен Шығыстану факультетінің студенттері арасында академиялық кездесу өткізу болды. Іс-шара барысында студенттер жапон тілінде өзара пікір алмасып, Жапония мен Қазақстанның білім беру және мәдени кеңістіктеріне қатысты мәселелер бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстел форматы студенттердің жапон тіліндегі коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге, мәдениетаралық өзара түсіністікті дамытуға және академиялық ортадағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында профессор Ацуши Огихара студенттерге жапон мәдениетінің дәстүрлі элементтерін танытатын арнайы сыйлықтар табыстады. Аталған бастама студенттердің Жапонияның мәдениеті мен қоғамына деген қызығушылығын арттыруға және жапонтану бағыты бойынша білім алушылардың академиялық ынтасын қолдауға ықпал етті.
Васэда университеті делегациясының сапары екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Сапар барысында қол жеткізілген өзара түсіністік пен пікір алмасу алдағы кезеңде білім беру, ғылыми-зерттеу және студенттік академиялық алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге негіз болады.
автор: Нурсеитова Лайла Дюсенгалиевна, PhD, аға оқытушы
.jpeg)
Басқа жаңалықтар