Заңды білу – жауапкершіліктен басталады: ҚазҰУ студенттерімен ашық кездесу өтті — ҚазҰУ

Заңды білу – жауапкершіліктен басталады: ҚазҰУ студенттерімен ашық кездесу өтті

16 қыркүйек 2026
Заңды білу – жауапкершіліктен басталады: ҚазҰУ студенттерімен ашық кездесу өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам негізі» тақырыбында студенттермен тағылымды кездесу өтті. Құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған іс-шараны Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Бүгінде заң мен тәртіп – қоғамдық тұрақтылықтың ғана емес, әр азаматтың күнделікті өміріндегі қауіпсіздіктің де маңызды негізі. Осы ретте студенттермен өткен кездесудің басты мақсаты – жастарға құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсіндіру, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты ақпарат ұсыну.

Кездесуге Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Кобеев Даурен Асқарұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы және аталған кафедраның аға оқытушысы, PhD Рашева Гүлнұр Койшыновна қатысты.

Кездесу барысында студенттерге еліміздің конституциялық-құқықтық дамуы, соның ішінде Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, заң алдындағы жауапкершілік, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселелері жан-жақты қозғалды.

Полиция подполковнигі Кобеев Даурен Асқарұлы жастар арасында құқық бұзушылықтың, оның ішінде есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алудың маңыздылығына тоқталып, нақты тәжірибелер мен өмірлік жағдайлар негізінде маңызды ақпараттармен бөлісті. Мамандар жастардың заң талаптарын білуі мен оны сақтауы кез келген құқықтық тәуекелдің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ал Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы мен Рашева Гүлнұр Койшыновна студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндірмелер беріп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.

Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жастардың орны да ерекше атап өтілді. Себебі қауіпсіз қоғам – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың саналы ұстанымы мен жауапты әрекетінен қалыптасады. Өз құқығын білетін, міндетін түсінетін және заң талаптарын құрметтейтін жас – құқықтық мәдениеті жоғары қоғамның маңызды бөлігі.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау – олардың құқықтық санасын қалыптастырумен қатар, ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осы тұрғыдан алғанда, студенттермен ұйымдастырылған ашық кездесулердің тәрбиелік әрі танымдық мәні зор.

Кездесу соңында студенттер спикерлерге алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Тағылымды басқосу жастарға заңды білу мен оны құрметтеудің маңызын тағы бір мәрте ұғындырып, құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершіліктің өзара сабақтастығын көрсетті.