«Алтын белгі» иегерлерін ректор құттықтады
11 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу үлгерімімен ерекшеленіп, мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен тәмамдаған жас түлектерді университет ректорының құттықтау рәсімі өтті.
Салтанатты кездесуге биыл ҚазҰУ-ға білім алуға қабылданған «Алтын белгі» иегерлері қатысты. Олардың қатарында Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің 26 студенті бар.
Кездесу барысында университет ректоры жас түлектерді маңызды жетістігімен құттықтап, алдағы студенттік өміріне сәттілік тіледі. Білім алушыларға университет қабырғасында сапалы білім алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, өздерінің кәсіби және тұлғалық әлеуетін дамытуға мол мүмкіндік берілетіні атап өтілді.
«Алтын белгі» иегерлерінің қатарында факультет студенттерінің болуы – олардың мектеп қабырғасындағы табанды еңбегі мен жоғары оқу жетістіктерінің нәтижесі.
Факультет ұжымы жас студенттерді жаңа белестермен құттықтап, университеттегі білім жолында толағай табыстар тілейді!