ҚазҰУ студенті жаһандық жастар фестивалінде ел намысын қорғауда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің 1-курс студенті Бахтияр Ақылбай Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан Халықаралық жастар фестивалінде еліміз бен қара шаңырақтың атынан өнер көрсетуде.
«Жастар және балалар» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған ауқымды жиын әлемнің 190 елінен 10 000-нан астам белсенді жастың басын қосты. Дүбірлі форум – ғылым, білім, мемлекеттік басқару, IT, БАҚ, спорт, кәсіпкерлік және әлеуметтік саланың ең үздік өкілдері тәжірибе алмасатын жаһандық диалог алаңы.

ҚазҰУ-дың жас дарыны Бахтияр Ақылбай бұл форумға Қазақстан атынан жас полиглот әрі қоғамдық қозғалыс көшбасшысы ретінде шақырылды. Шығыстану факультетінің студенті жас кезінен-ақ алты тілді (қазақ, орыс, ағылшын, араб, парсы және түрік) жоғары деңгейде меңгерген. Факультетте алған терең академиялық білімі мен тілдік шеберлігінің арқасында ол халықаралық дипломатиялық кездесулерде араб тілінен аудармашы ретінде де тәжірибе жинақтап үлгерген.

Сонымен қатар Бахтияр «Жер амбассадорлары» («Амбассадоры Земли») халықаралық жастар қозғалысын бастап, халықаралық аренада еліміздің және ҚазҰУ-дың беделін арттыруға белсенді үлес қосып келеді. Бұған дейін де ол Астанада өткен республикалық байқауда озық шығып, «Үздік студент» аталымы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталған болатын.

ҚазҰУ ұжымы жас көшбасшының халықаралық форумдағы қадамдарына сәттілік тілейді!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар