ҚазҰУ ғалымдары декарбонизация жөніндегі өңірлік форумға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Астанада өткен Орталық Азия мен Еуропаның декарбонизация жөніндегі ІІІ өңірлік форумына қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен халықаралық серіктестердің ұйымдастыруымен өтті.
Форумға Қазақстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан Энергетика министрліктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, ірі компаниялар мен ғылыми-білім беру орталықтарының өкілдері қатысты.

«Сутегі саласындағы зерттеулер мен әзірлемелердің өңірлік желісін қалыптастыру» тақырыбындағы панельдік сессияда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD Бақыт Ханиев баяндама жасады.
Сессия барысында сутегі энергетикасы саласындағы ғылыми байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда бірлескен зерттеу және сынақ инфрақұрылымын құру, пилоттық жобаларды іске асыру, білікті мамандар даярлау, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және халықаралық ғылыми-технологиялық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне кеңінен назар аударылды.

Спикер өз сөзінде 2026 жылғы сәуірде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Шанхай Цзяотун университеті және China Energy компаниясымен бірлесіп құрылған Қазақстан-Қытай сутегі технологияларының инновациялық орталығының қызметі туралы әңгімеледі. Орталық Салалық технологиялық құзыреттер орталығы (СТҚО) жобасы аясында құрылған болатын. Орталықтың негізгі міндеттері – іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, сутегі технологияларын әзірлеу және сынақтан өткізу, эксперименттік әрі пилоттық жобаларды жүзеге асыру, мамандар даярлау және халықаралық ғылыми-техникалық байланыстарды дамыту.

Баяндамада орталықтың Қазақстанның Сутегі тұжырымдамасын іске асырудағы әлеуеті де атап өтілді. Ол ғылым, өнеркәсіп және мемлекеттік сектордың мүмкіндіктерін тоғыстыратын технологиялық алаң ретінде қарастырылады. Мұнда стратегиялық басымдықтарды нақты ғылыми зерттеулерге, технологиялық әзірлемелерге және тәжірибелік жобаларға айналдыруға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда орталық сутегін өндіру мен сақтауға арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Оның құрамында өнімділігі сағатына 5 нм³-ге дейінгі анионалмастырғыш мембраналық электролиз қондырғысы және сыйымдылығы 10 кг-ға дейінгі магний қорытпалары негізіндегі сутегіні қатты күйде сақтау жүйесі бар.

Сондай-ақ қатысушылар ғылыми-технологиялық серіктестікті одан әрі дамыту, ортақ зерттеу инфрақұрылымын кеңейту және ғылым мен өнеркәсіп арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызына тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар