ҚазҰУ өкілі ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайланды — ҚазҰУ

ҚазҰУ өкілі ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайланды

18 қыркүйек 2026
ҚазҰУ өкілі ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Кеңестің жаңа құрамына еліміздің ЖОО-лары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарынан ғылымның түрлі бағыттарына өкілдік ететін 52 жас ғалым кірді. Төрағаның орынбасары лауазымына Дидар Тебаев, ал ғылыми хатшылыққа Нұрдәулет Жұмабаев сайланды. 

Жас ғалымдар кеңесі зерттеушілердің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, ғылыми бастамаларды ілгерілетуге және елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Алдағы кезеңде зерттеулердің сапасын арттыру, академиялық мәдениетті дамыту, ғылыми этика қағидаттарын нығайту және перспективалы ғылыми бағыттарды айқындау мәселелеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу және оларды коммерцияландыруға ерекше көңіл бөлінеді.

«Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Басты мақсатымыз – жас ғалымдардың үнін естіп, ғылыми идеяларға қолдау көрсету және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бірлескен жобалар арқылы отандық ғылымның жаңа буынын қалыптастыруға үлес қосамыз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр, бұл жолда ашық диалогқа, ынтымақтастыққа және нақты нәтижеге басымдық береміз», – деді Қуаныш Тастамбек.     

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі