«UIYM FEST» ҚазҰУ жастарын біріктірді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік ұйымдардың дәстүрлі «UIYM FEST» шарасы өтті. ҚазҰУ аллеясында ұйымдастырылған фестиваль студенттерді университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуға үндеп, жастар бастамаларын бір алаңға тоғыстырды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – студенттерге университеттегі жастар ұйымдарының қызметі мен жобалары туралы жан-жақты ақпарат беру, жаңа бастамаларға жол ашу және бірінші курс студенттерінің университет өміріне белсенді араласуына ықпал ету.

Биылғы фестивальге Жастар ұйымдары комитетінің құрамындағы 13 студенттік ұйым қатысты. Олардың қатарында ҚазҰУ Студенттер сенаты, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, «Ашық жүрек» және «Алтын сапа» қоғамдық қорлары, Enactus KazNU клубы, Құқық тәртібі жасағы, Студенттік кеңес, «Саналы ұрпақ» және «Жастар рухы» ұйымдары, Students International Farabi, Болон процесі бойынша студенттік бюро және FARSA бар.

Әр ұйым фестиваль барысында өз қызметінің негізгі бағыттарын, жүзеге асырып жатқан жобалары мен бастамаларын таныстырып, жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі жөнінде ақпарат ұсынды. Студенттер ұйым өкілдерімен еркін пікір алысып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Осылайша жастар өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес қоғамдық ортадан өз орнын табуға мүмкіндік алды.

Фестивальдің негізгі аудиториясы – бірінші курс студенттері. Университет қабырғасындағы алғашқы кезең жастардың жаңа ортаға бейімделіп, оқу үдерісімен қатар, қоғамдық өмірге араласуы үшін айрықша маңызды. «UIYM FEST» арқылы олар волонтерлік қозғалысқа, әлеуметтік жобаларға, мәдени-шығармашылық бастамаларға, пікірталас алаңдары мен зияткерлік клубтарға қатысу жолдарын білді. Мұнда олар ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, командамен жұмыс істеуді үйреніп, көшбасшылық қасиеттерін дамытады. Сонымен бірге қоғамдық бастамаларға араласу жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

«UIYM FEST» осы мүмкіндіктерді бір алаңда тоғыстырып, студенттер арасында жаңа байланыстар орнатуға, тәжірибе мен идея алмасуға жол ашты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар