Халықаралық ғылыми ынтымақтастық: ҚазҰУ ғалымдары MSBC–2026 конференциясында
ҚазҰУ ғалымдары MSBC–2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты
2026 жылғы 23–25 қыркүйек аралығында Өзбекстан Республикасының Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде «Әлеуметтік жүйелерді модельдеу және цифрлық трансформация: ғылыми тәжірибе, технологиялар және даму перспективалары» («Modeling and Simulation of Social-Behavioral Phenomena in Creative Societies» – MSBC–2026) атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Халықаралық ғылыми форумға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры Уалшер Тукеев және PhD Әсем Шормакова қатысып, университетті халықаралық ғылыми ортада таныстырды.
Екі жылда бір рет өткізілетін MSBC–2026 конференциясы Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің Компьютерлік лингвистика және қолданбалы тіл білімі кафедрасының бастамасымен және тікелей қатысуымен ұйымдастырылды.
Конференция Литва операциялық зерттеулер қоғамы (LITORS), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тұран университеті, Нархоз университеті, Гамбург қолданбалы ғылымдар университеті (Германия), Арканзас университетінің Литл-Рок кампусы (АҚШ), Клайпеда университеті және Витаутас Магнус университетімен (Литва) ынтымақтастық аясында өтті. Іс-шараға Еуропалық операциялық зерттеулер қоғамдары қауымдастығы (EURO) мен «Science and Innovation» халықаралық ғылыми журналы қолдау көрсетті.
Ғылыми форум Еуропа мен Азия елдерінің, АҚШ, Қытай, Әзербайжан, Грекия, Литва, Германия, Австралия, Үндістан, Грузия, Түркия, Ресей және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдарын, сарапшылары мен жас зерттеушілерін біріктірді.
Конференция аясындағы пленарлық және секциялық отырыстарда жасанды интеллект және үлкен тілдік модельдер (LLM), табиғи тілді өңдеу (NLP) және тілдік технологиялар, әлеуметтік-мінез-құлық құбылыстарын модельдеу, цифрлық егіздер (Digital Twins), экономикалық жүйелерді модельдеу және ойындар теориясы, өңірлік зерттеулер, тұрақты даму және білім беру технологиялары бағыттарындағы өзекті мәселелер талқыланды.
MSBC–2026 конференциясы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаң болды. Конференцияның іріктеуден өткен ғылыми еңбектерін халықаралық ғылыми басылымдарда жариялау қарастырылған.