Студенттерге киберқылмыс пен есірткі қаупі түсіндірілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жастар және заң мен тәртіп: құқықтар, міндеттер және азаматтық жауапкершілік» атты ақпараттық-ағартушылық іс-шара өтті.
Басқосу Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссия қызметі аясында ұйымдастырылды.

Шараға Алматы қаласындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдігі, Жастар саясаты басқармасы, Полиция департаменті және Алматы қаласы прокуратурасының өкілдері және білім алушы жастар қатысты.

Жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров жастар арасында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығына назар аударды. Ол қоғамдағы өзекті сын-қатерлер мен әлемдегі жаһандық тұрақсыздық жағдайында қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, өз құқықтары мен міндеттерін білу және құқықтық тұрғыдан сауатты болудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар жүздесуде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев, Бостандық ауданы прокуратурасының аға прокуроры Әдемі Бауыржанова, Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Айбатыр Бауыржанұлы және басқа да сарапшылар сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Спикерлер студенттерге азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершіліктің түрлері, бұзылған құқықтарды қорғау жолдары және мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі туралы мәлімет берді. Цифрлық ортадағы өзекті қауіп-қатерлерге, атап айтқанда кибералаяқтыққа, дропперлікке, жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз схемаларға тарту және кибербуллинг жолдарына мән берілді.

Қатысушылар есірткі құралдарының заңсыз айналымының және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Мемлекеттік органдардың өкілдері жастарға ықтимал қауіптерді дер кезінде тануға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және заңсыз схемалардың қатысушысына айналмауға көмектесетін практикалық ұсынымдар берді.
Басқосу барысында студенттер сарапшыларға тікелей жүгініп, өздерін қызықтырған құқықтық мәселелер бойынша жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар