Ғылым мен өндіріс серіктестігін нығайтты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «RG Gold» ЖШС делегациясы келді. Кәсіпорынның бас кеңесшісі Арман Марқашов бастаған өкілдер университеттің заманауи ғылыми және инновациялық инфрақұрылымымен танысты.

Компания өкілдері назарына ҚазҰУ-дың Жерді қашықтан зондтау, суперкомпьютерлік технологиялар, өнеркәсіптік робототехника және жасанды интеллект салаларындағы әзірлемелері ұсынылды. Сонымен қатар Farabi HUB мүмкіндіктері көрсетілді.

ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттің нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған жобаларға басымдық беретінін атап өтті. «ҚазҰУ RG Gold компаниясының нақты өндірістік міндеттерін бірлесіп қарастыруға дайын. Оларды шешу үшін химия, физика, материалтану, биотехнология, ақпараттық технологиялар, география және Жер туралы ғылымдар саласының мамандарын біріктіретін пәнаралық топтар құруға болады», – деді проректор.

Кездесу барысында минералдық шикізатты өңдеу және одан құнды компоненттерді алу технологияларын жетілдіру, техногендік қалдықтарды қайта өңдеу, өндірісті цифрландыру, геологиялық деректерді талдау және процестерді математикалық модельдеу бағыттары қаралды. Сондай-ақ спутниктік және экологиялық мониторинг, суды тазарту, бүлінген экожүйелерді қалпына келтіру мәселелеріне назар аударылды.


«RG Gold» ЖШС бас кеңесшісі Арман Марқашов компанияның ҚазҰУ-мен практикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Оның пікірінше, өндірістегі тәжірибе мен университеттің ғылыми әлеуетін ұштастыру саладағы өзекті технологиялық міндеттерге жаңа шешімдер табуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар бірлесіп шешуге болатын өндірістік міндеттерді анықтап, жұмыс топтарын құруға және ортақ ғылыми жобалар әзірлеуге келісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар