Рухани мереке — ҚазҰУ

Рухани мереке

28 қыркүйек 2026
Рухани мереке

Елімізде Қазақстан халқы тілдері күні ерекше аталып өтеді. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», – деп ұлағатты сөз қалдырған қазақ тілі әліппесінің атасы, Алаш арысы, қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп, ұлттық руханият пен тілдің қадірін айқындай түседі.

Әр халықтың тілі – оның тарихы мен мәдениетінің ай­­насы. Тіл арқылы ұрпақтар са­бақтастығы сақталып, дәс­түр жалғасады. Қазақ тілі – біздің мемлекетіміздің мем­лекеттік тілі, ұлттың айбыны мен мерейі.

Шын мәнінде Тілдер ме­­ре­кесі – Қазақстанда тұра­тын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Елімізде түрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Олардың әрқайсысының ана тілінің басқа халықтар тіліне қатысты тағдыры бар. Тіл ар­қылы адамдар бір-бірін та­нып-біле алады және кез келген халықтың рухани мәдениеті, дәстүрлері, салттарымен та­нысу үшін де тілге жүгінеді. 

Осы мерекеге орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің жо­­ға­ры оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетел­дік­тердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафе­дра­сының оқытушылары Қытай, Корея, Жапония, Түркия және басқа да елдерден келген шетелдік студенттерге жыл сайын Қазақ­стан халқының тілдері күні ме­ре­кесі аясында іс-шаралар өт­кізеді.

Кафедраның оқытушы­ла­ры бұл мереке жайында, тілдің мә­ні туралы, ұлты үшін аянбай қызмет етіп қоймай, жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу жолында үлкен еңбек сіңірген, өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғы­лымның дамуына, мектеп ағартушылық ісіне арнаған, ауыл мектептерінде, семинарияларда бала оқытып, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы шетелдік студенттерге түсіндіріп, бейнежазбалар, танымдық тапсырмалар, тіл­дің құдіреттілігіне байланыс­ты му­­зыкалық шығармалар ұсы­на­ды. 

Бұл іс-шаралардың жалпы мақсаты – шетелдік студент­тер­дің мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді үйренуіне, тіл­дің әлеуметтік-коммуни­ка­тивтік қызметін кеңейтуге, тіл байлығын дамытуға бай­ла­ныс­­ты қолдау көрсету, ынталандыру, тіл туралы білімін жан­дан­дыру және кеңейту, тіл­дерге сүйіспеншілік пен қы­зығушылықты, төзімділік, достық пен өзара түсіну­ші­лікті тәрбиелеу.

«Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы», – деп Шың­ғыс Айтматов айтқандай, әр адам өзінің ана тілін қорғай да, құрметтей де білуге міндетті. Тілдің құдіретін сезіну, та­залығын сақтау, құрметін есе­леу елдегі әрбір адамның алдында тұрған парызы. Тілі шұрайлы ана тіліміздің мерейі әрқашан үстем болсын. 

Айгүл Сәденова, 

филология ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор