Дүниежүзілік туризм күніне орай Құмбел шыңына тау жорығы ұйымдастырылды
27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы демалыс күнгі тау жорығын ұйымдастырды. Жорықтың негізгі бағыты, Іле Алатауының теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктікте орналасқан Құмбел шыңына көтерілу.

Таулы жорық кафедра оқытушылары Артемьев А.М. және Әділбай Б.С. жетекшілігімен, сондай-ақ «Буревестник» альпинистік секциясының еріктілерінің қолдауымен өткізілді. Іс-шараға студенттер мен туризмге қызығушылық танытқан қатысушылардан құралған 60-қа жуық адам қатысты.
Жорық барысында қатысушылар таулы жер бедерінде қозғалу, биіктік жағдайында жаяу жүру, топ құрамында қауіпсіз қозғалу және табиғи ортада өзін ұстау дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдіруге мүмкіндік алды.

Бұл жорық 1-курс студенттері үшін маңызды тәжірибе болды. Құмбел шыңына жасалған жорық студенттердің физикалық дайындығын арттырумен қатар, оқу жылының соңында жоспарланатын оқу-жаттығу тау жорығына дайындықтың бастапқы кезеңі ретінде де сипатталады.
Тау жорығы жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға, табиғи ортаға жауапкершілікпен қарауға және студенттер арасында командалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының, атап айтқанда, 3-мақсат – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және 4-мақсат – «Сапалы білім» бағыттарымен сабақтасады.
Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылған бұл жорық студенттер мен оқытушылардың табиғи ортадағы бірлескен тәжірибесін нығайтып, туризмнің білім беру, денсаулық және белсенді демалыс бағыттарындағы маңызын көрсетті.
