Жаңа оқу жылында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттердің сапалы әрі жайлы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
Бірқатар факультеттердегі оқу аудиториялары жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңа кейіпке енді.
Атап айтқанда химия және химиялық технология факультетіндегі А.Ш.Шарифканов атындағы №516 және М.Т.Козловский атындағы №221 оқу залдары толығымен жаңартылды.
Аудиториялардың кіреберіс есіктері ауыстырылып, студенттерге арналған жаңа парталар мен орындықтар орнатылды. Жөндеу жұмыстарында бөлмелердің заманауи дизайны мен эстетикалық тартымдылығына ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ жаңғырту жұмыстары физика-техникалық факультетінде де жүргізілді. Мұндағы №301, №335, №519 және №521 аудиториялар заманауи стандарттарға сай қайта жабдықталса, тарих факультетіндегі №418 оқу бөлмесі студенттер үшін эстетикалық әрі қолайлы білім ортасына айналды.
Университеттің оқу инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту мен жаңарту жұмыстары әрі қарай да жалғасын табады.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар