ҚазҰУ – Coursera-ның Қазақстандағы алғашқы контент-серіктесі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Coursera компаниясының клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Вера Игнатьевамен жұмыс кездесуі өтті. Жүздесу нәтижесінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, білім ордасына Certificate of Partnership сертификаты табысталды.
Аталған сертификат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстандағы Coursera платформасының алғашқы контенттік серіктесі мәртебесін ресми түрде растайды.

«Бұл – ҚазҰУ-дың халықаралық дамуындағы стратегиялық маңызы бар қадам. Coursera-мен серіктестік университетке өзінің білім беру контентін жаһандық аудиторияға таныстыруға, халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға және заманауи цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға үлес қосуға мүмкіндік береді», – деді ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева.

Кездесу барысында іріктелген курстарды кезең-кезеңімен іске қосу, оларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеу, сондай-ақ жаңа білім беру контентін қалыптастыру перспективалары қарастырылды. Алғашқы курстар жасанды интеллект, деректерді талдау, экология, география және GIS, химия, биомедицина, кәсіпкерлік, халықаралық қатынастар, құқық және басқа да бағыттарды қамтиды.

Coursera өкілі Вера Игнатьеваның айтуынша, ҚазҰУ-дың серіктес ретінде таңдалуы – университеттің жоғары академиялық әлеуеті мен онлайн-білім беруді жүйелі дамытуға дайындығының айқын дәлелі. «ҚазҰУ курстарды әзірлеуде жоғары дайындық деңгейін, сапаға деген жауапкершілікті және өзінің академиялық сараптамасын халықаралық аудиторияға ұсыну әлеуетін көрсетті», – деді Coursera өкілі.

Сапардың практикалық бөлігінде қонақ Академиялық және цифрлық инновациялар офисі жұмысымен және ҚазҰУ-дың бейнежазба студиясымен танысты. Оған онлайн-курстарды әзірлеу, түсіру және сүйемелдеуге арналған университеттің инфрақұрылымы таныстырылды.

Білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әсел Мусинованың айтуынша, ҚазҰУ мен Coursera арасындағы ынтымақтастық 2020 жылдан бері жалғасып келеді. Жаңа келісім осы әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтеріп, оқытушылардың кәсіби дамуына, онлайн-курстарды әзірлеу әдістемесін жетілдіруге және Қазақстандағы цифрлық білім беруді одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар