Жоғары білім қызметкерлерінің еңбегі ұлықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 қазан – Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері күніне орай, мерекелік, ғылыми және танымдық іс-шаралар өтті. Мерекелік шаралар университеттің барлық факультеттерін қамтып, ұстаз еңбегін дәріптеуге, жоғары білім мен ғылымның маңызын айқындауға, сондай-ақ оқытушылардың кәсіби тәжірибесі мен заманауи білім беру тәсілдерін талқылауға арналды.
Басқосулар барысында ұстаздық қызметтің қыр-сыры, жоғары мектептегі кәсіби даму, ғылым мен білімнің сабақтастығы және білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелері кеңінен сөз болды. Атап айтқанда химия және химиялық технологиялар факультетінде «Бүгінгі жоғары мектеп оқытушысы: тәжірибе, даму және жаңа мүмкіндіктер» атты семинар өтіп, жоғары мектеп оқытушысының кәсіби дамуы мен білім беру үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Шығыстану факультетінде жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану мәселесіне арналған «Қазақстан жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану арқылы корей тілін оқыту әдістемесін жаңғырту және тәжірибеде қолдану» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Ал тарих факультетінде халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар кездесулер өтті. Жапонияның Сайтама және Гакуин университеттерінің, сондай-ақ Қытайдың Сычуань және Ланчжоу университеттерінің ғалымдары дәріс оқып, өздерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар «Ұрпақтар сабақтастығы: ғылым мен ұстаздық» атты дөңгелек үстел өтіп, ғылым мен ұстаздықтың өзара байланысы талқыланды. EduTalks форматында Қазақстан тарихы кафедрасының өткені мен бүгініне арналған кездесу де ұйымдастырылды.
Ұстаздық дәстүр мен кәсіби құндылықтар география және табиғатты пайдалану факультетінде өткен «Ұстаздық ұлағат және Абай тағылымы: жоғары білім қызметкерінің кісілік келбеті» атты дөңгелек үстелге арқау болды. Заң факультетінде «Жоғары білім – жарқын болашақтың бастауы» атты мерекелік кездесу өтіп, «Ұстаздық жол: білім, ғылым және тағылым» атты көрме ұйымдастырылды. Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет» атты интеллектуалдық-танымдық іс-шара өтті.
Биология және биотехнология факультетінде «Ұстаз – ғылым мен білімнің шамшырағы», медицина және денсаулық сақтау факультетінде «Ұстаз еңбегі – ұлт болашағы», механика-математика факультетінде «Ұстаз – ұлы есім» атты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламада шығармашылық бағыт та қамтылды. Физика-техникалық факультетінде «Ұстазға әуенмен тағзым» атты музыкалық құттықтау ұйымдастырылса, философия және саясаттану факультетінде «Білім мен тәрбиені қатар берген тұлға» атты мерекелік кездесу өтті. Сонымен қатар филология факультетінде «Сын әлемінің сардары – Д.Ысқақұлы» атты танымдық кеш, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде «Білімге алғашқы қадам» атты танымдық шара және ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Білімге жол ашқандарға алғыс!» мерекелік кездесуі өтті. Сондай-ақ халықаралық қатынастар факультетінде «Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге» атты дәріс ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралар барысында университет оқытушылары мен қызметкерлерінің білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі атап өтіліп, ұстаз мәртебесі мен кәсіби еңбектің маңызына ерекше мән берілді. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жоғары білім беру саласының бүгінгі үрдістері мен келешек бағыттары жөнінде пікір бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар