Ғылымға бастар жол: Ғалым-ұстаз Гульмира Орынбековна Турешовамен «Өнегелі өмір жолы» сериясы бойынша кездесу өтті — ҚазҰУ

Ғылымға бастар жол: Ғалым-ұстаз Гульмира Орынбековна Турешовамен «Өнегелі өмір жолы» сериясы бойынша кездесу өтті

2 қазан 2026
Ғылымға бастар жол: Ғалым-ұстаз Гульмира Орынбековна Турешовамен «Өнегелі өмір жолы» сериясы бойынша кездесу өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Химия және химиялық технология факультетінде «Өнегелі өмір жолы» сериясы аясында 30 қыркүйек 2026 жылы «Ғылымға бастар жол: ізденіс, еңбек, тәжірибе» атты салтанатты кездесу кеші болды.

Іс-шараның басты қонағы — химия ғылымы мен отандық білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан ғалым, Химиялық физика және материалтану кафедрасының доценті Турешова Гульмира Орынбековна. Кеш модераторы М.Е. Сулейменова.

Ғылыми еңбек пен тағылымды жол кездесуінде Гульмира Орынбековна сөз алып, өзінің ғылыми-педагогикалық жолы, 1981 жылы ҚазМУ-ды үздік бітірген, сонымен қатар студенттік жылдары мен ғылымдағы алғашқы қадамдары туралы сыр шертті. Сондай-ақ, күйе мен полициклді ароматты көмірсутектердің түзілуі, материалтану бағытындағы зерттеулері, жарық көрген оқулықтары, патенттері мен ғылыми ізденістері жайлы кеңінен баяндады. Шара барысында ғалымның студенттік шағы мен ғылымдағы жестістіктерін бейнелейтін қысқаша кинофильм көрсетіліп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Студенттермен сұрақ-жауап арқылы құрған диалогтары, кездесудің ең мазмұнды және еркін форматтағы қызықты бөлігі болды. Білім алушылар ұстазға қазақ және орыс тілдерінде көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды: студенттер ғалымның неліктен дәл химия және жану саласын таңдағанын, оқуды аяқтаған соң кафедрада қалу себебін сұрады.   Күйе мен газды зерттеудің күнделікті өмірдегі пайдасы, эргономика институтындағы жұмыс тәжірибесі мен 1991 жылы кандидаттық диссертация қорғау кезеңі сөз болды. Сондай-ақ студенттер ұстаздың 10 оқулықты жазуға қанша уақыт жұмсағанын, КазҰУ-дағы ең сүйікті ісін, заманауи оқытуда жасанды интелектті қолдану көзқарасын және қай оқу құралын ерекше мақтан тұтатынын білді.

Кеш соңында модератор М.Е. Сулейменова Гульмира Орынбековнаға мазмұнды да әсерлі кездесу үшін, жастарға берген бағыт-бағдары мен ақыл-кеңестері үшін факультет атынан шексіз алғыс білдірді. Ғалымның ғылымдағы еңбек жолы мен мол тәжірибесі болашақ химия саласының мамандары үшін үлкен өнеге болып қала бермек.

 

Сулейменова Мадина Ержанкызы, PhD