Халықаралық студенттік туризм мектебі басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік туризм бойынша халықаралық мектебі өз жұмысын бастады. Шараға Ресейдің жоғары оқу орындары мен ҚазҰУ студенттері қатысуда.
Алты күнге созылатын шара аясында жастар өзара тәжірибе алмасып, Алматының туристік әлеуетімен танысады және студенттік саяхаттарды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлейді.

Халықаралық мектептің ашылу рәсімі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алаңында өтті. Қатысушыларға арнап ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, СКФУ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Альберт Кумуков, Ресей Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Студтуризм» бағдарламасының жетекшісі Светлана Нехорошева және Халықаралық ынтымақтастықты дамыту орталығының жетекшісі Анна Етко құттықтау сөз сөйледі.

Спикерлер жастар мен білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, туризм және академиялық әріптестік бағыттарындағы бірлескен бастамалардың студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Халықаралық мектептің жұмысы жастар және студенттік туризмнің мүмкіндіктері мен халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын таныстырудан басталды. Одан кейін қатысушылардың өзара танысуы мен жобалық топтардың қалыптасуына бағытталған командалық жұмыс бағдарламасы ұйымдастырылды. Білім беру бағдарламасы аясында Туризмді цифрлық трансформациялау жөніндегі зерттеу орталығының өкілдері – орталық директорының орынбасары, профессор Dr. Dan WANG пен постдокторант May YANG қонақ дәріс өткізді.

Сарапшылар туризм индустриясының даму үрдістері жайлы айтып, саланы цифрландырудың заманауи тәсілдері мен жаңа мүмкіндіктері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Білім беру және экскурсиялық бағдарламалармен қатар, қатысушылар жобалық жұмыстарға да белсенді қатысады. Халықаралық командалар құрамында студенттер жастарға арналған саяхаттардың жаңа форматтарын, жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін және студенттік туризмді дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді талқылайды. Нәтижесінде қатысушылар жоба әзірлеп, студенттік саяхаттар саласындағы ортақ стартап-идеяны қалыптастырады.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар