Экологиялық сана – заман талабы
Бүгінде қоршаған ортаны қорғау мен табиғат анаға қамқорлық көрсету – әрбір саналы азаматтың басты міндеті. Осы орайда, оқу орнымызда қолға алынған «Жасыл кампус – жасыл ойлау» жобасы аясында кураторымыз Бауыржан Әліқожаның жетекшілігімен ерекше куратор сағаты өтті. Жиын барысында студенттер жай ғана тыңдаушы емес, экологиялық тәрбие мен жаңаша ойлау жүйесі төңірегінде еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді белсенді талқылады.
Кураторымыз экологиялық сананың қалыптасуы үлкен жаһандық мәселелерден емес, күнделікті қарапайым әдеттерден басталатынын тілге тиек етті. Экологиялық тәрбие дегеніміз тек ағаш егу немесе сенбілікке шығу ғана емес, бұл – қоршаған ортаға деген ішкі мәдениет пен жауапкершілік.
Халқымызда «Жер – қазына, су – алтын, мал – байлық» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз табиғат пен адам баласын ешқашан бөліп жармаған. Осы құндылықты бүгінгі заман ағымына сай қайта жаңғырту – біздің, яғни жастардың қолында.Пікірталас кезінде студенттер кампус өмірінде экологиялық мәдениетті енгізудің мынадай нақты мысалдары мен ұсыныстарын ортаға салды: «Жасыл әдет» қалыптастыру: Бір реттік пластик ыдыстар мен пакеттерден бас тартып, эко-сөмкелер мен көпжылдық су құтыларын (термостарды) пайдалану. Қалдықтарды сұрыптау: Қағаз, пластик және қоқысты бөлек тастау мәдениетін кампус ішінде әдетке айналдыру. Ресурстарды үнемдеу: Оқу ғимараттарында су мен электр энергиясын үнемді жұмсау, цифрлық форматқа көшу арқылы қағаз шығынын азайту.
«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Тіпті, үнемделген бір тамшы су немесе уақытылы өшірілген жарық табиғатты сақтауға қосылған үлес екені ақиқат.
Жасыл ойлау – бұл бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмей, келер ұрпақтың несібесін ойлау. Жиын соңында кураторымыз Бауыржан Әліқожа бізді тек білімді маман емес, қоршаған ортаға жаны ашитын нағыз тұлға болуға шақырды.
Материалымызды ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір ғибратты сөзімен түйіндегіміз келеді: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл». Адамдықтың ең үлкен белгісі – өзіміз тыныс алып отырған табиғат ананы таза, жасыл әрі қауіпсіз күйінде сақтап қалу.
«Жасыл кампус» жобасы аясында басталған бұл игі бастама әрбір студенттің жүрегінен орын алып, «жасыл ойлау» өмірлік ұстанымымызға айналатынына сеніміміз мол!
Журналистика факультетінің 2-курс студенті
Мадина Алмасқызы