ҚазҰУ ЖИ жобаларына басымдық береді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің (РХДУ) делегациясымен кездесті.
Делегация құрамында Ресей халықтар достығы университетінің бірінші проректоры – экономикалық мәселелер жөніндегі проректор Сергей Назюта, ректордың ғылыми қызмет жөніндегі кеңесшісі Нұр Қирабаев және жасанды интеллект факультетінің деканы Антон Поддубский бар.

Кездесуде Жансейіт Түймебаев халықаралық серіктестікті дамыту мен академиялық байланыстарды нығайтудың стратегиялық маңызын атап өтіп, екіжақты ғылыми жобаларды жүзеге асыруда ҚазҰУ-дың қуатты суперкомпьютерін тиімді пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар тараптар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау үшін ортақ дөңгелек үстел ұйымдастырып, нақты іс-қимыл жоспарын бекітуге келісті.

Өз кезегінде Сергей Назюта ҚазҰУ-мен әріптестікті тереңдетуге үлкен қызығушылық білдірді. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен байланысты нығайту біз үшін аса маңызды. Сапарымның басты мақсаты университеттің жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар саласындағы әлеуетімен танысу болды. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған IT және ЖИ факультетінің жұмысына жоғары баға беремін. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды бастауға уағдаластық», – деді ресейлік проректор.

Сондай-ақ РХДУ өкілдері ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушыларын өз базаларында ғылыми тағылымдамадан өтуге арнайы шақырды. Басқосу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты арттыру, сараптамалық ықпалдастықты кеңейту және ғылыми-зерттеу байланыстарын жаңа деңгейге көтеру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар