Farabi Hub-та оқушыларға арналған ғылыми фестиваль өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық хабында оқушыларға арналған ғылыми фестиваль өтті. Оған заманауи ғылым мен технологияға қызығушылық танытқан 500-ге жуық мектеп оқушысы мен студенттер қатысты.

Айтулы шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының және «Болашақ энергиясы» ұйымының қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп өткізді.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева сөз сөйледі. Ол ғалымдармен тікелей сұхбаттасу, ғылыми тәжірибелерге белсенді қатысу және ашық сұрақ қою мүмкіндігі жастардың зерттеушілік әлеуетін ашып, ғылымның шексіз мүмкіндіктерін түсінуге ықпал ететінін атап өтті.

Бағдарлама аясында интерактивті дәрістер, практикумдар мен ғылыми шоулар ұйымдастырылды. Жас зерттеушілер заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, химиялық тәжірибелер жасады. Сонымен бірге атом және ғарыш технологияларына да ерекше орын берілді. Аэроғарыш инженері, ғарышкерлерді даярлау бағдарламасының қатысушысы Никита Матасов атом энергетикасының ғарыш кеңістігінде қолданылуы, ядролық қозғалтқыштардың жұмыс істеу қағидаттары туралы баяндады. Ол сонымен қатар ғарышкер болу жолындағы дайындық кезеңдерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Фестиваль аясында «Земля, я с тобой!» ғылыми-қоғамдық фильмі көрсетіліп, одан әрі «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Константин Рудер мен блогер, әнші Арина Данилованың қатысуымен қызықты пікірталас өтті. Туындыдағы атом саласы мен заманауи технологияларға қатысты екі түрлі көзқарас қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Мазмұнды әрі ерекше сұрақ қойған жастарға арнайы сыйлықтар табысталды.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар