- Басты бет
- Жаңалықтар
- Философия және саясаттану факультетінде Жоғары білім қызметкерлері күні аталып өтті
Философия және саясаттану факультетінде Жоғары білім қызметкерлері күні аталып өтті
2026 жылғы 1 қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған мерекелік кездесу-құттықтау іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары білім саласында еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорлар құрамының еңбегін атап өту, ұстаз мәртебесін дәріптеу және білім алушылар мен оқытушылар арасындағы өзара құрмет пен сабақтастықты нығайту.
Мерекелік кездесуде факультет студенттері оқытушы-профессорлар құрамын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді. Студенттер өз өнерлерін ортаға салып, өлеңдер оқып, музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен әндер орындап, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.
Іс-шара барысында гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардың қоғам дамуындағы орнына ерекше назар аударылды. Бұл салалар тек құрғақ фактілер мен теориялық ұғымдардың жиынтығы емес, олар – адамзаттың рухани әлемін, қоғамның тамыр соғысын, тарихи жадын және болашаққа деген ұмтылысын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды білім кеңістігі екені атап өтілді.
Философия, саясаттану, мәдениеттану, әлеуметтану және басқа да гуманитарлық бағыттар адамның ойлау мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдық құбылыстарды сыни тұрғыдан бағалауға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары білім беру жүйесіндегі оқытушының рөлі тек білім берумен шектелмей, студенттің тұлғалық және кәсіби қалыптасуына бағытталған маңызды қоғамдық миссиямен сабақтасады.
Кездесу барысында педагогика – жай ғана мамандық емес, ұлттың болашағын қалыптастыратын ұлы миссия екені атап өтілді. Ұстаздың білімі мен кәсіби тәжірибесімен қатар, оның адамгершілік ұстанымы, мәдениеті, азаматтық жауапкершілігі мен шәкіртке деген сенімі жас ұрпақтың қалыптасуына тікелей ықпал етеді.
Мерекелік іс-шара ұстаз бен студент арасындағы өзара құрметті, сабақтастықты және университеттік құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды кездесуге айналды. Студенттердің шығармашылық өнері мерекелік кештің мазмұнын байытып, оқытушыларға деген ризашылық пен құрметтің жарқын көрінісі болды.
Іс-шара соңында факультеттің оқытушы-профессорлар құрамына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, кәсіби жетістік және шәкірттерінің биік белестерін көру бақыты тілінді.
Басқа жаңалықтар