Тұрақты даму мақсатында: Алматы қаласындағы Білім беру атташесі Шүкур Көсе мен Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы өкілдерінің кездесуі өтті — ҚазҰУ

Тұрақты даму мақсатында: Алматы қаласындағы Білім беру атташесі Шүкур Көсе мен Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы өкілдерінің кездесуі өтті

5 қазан 2026
Тұрақты даму мақсатында: Алматы қаласындағы Білім беру атташесі Шүкур Көсе мен Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы өкілдерінің кездесуі өтті

Түркияның Алматыдағы Бас консулдығында Түркия Республикасының Алматыдағы Білім беру атташесі Шүкүр Көсе мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты  2026-2027 оқу жылына арналған бірлескен жұмыс жоспарларын талқылау, білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Кездесу барысында тараптар жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалар мен іс-шараларды талқылады. Атап айтқанда, студенттердің академиялық және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар, тәжірибеден өту мүмкіндіктері, ғылыми және зияткерлік байқауларға қатысу, сондай-ақ студенттердің түріктану саласындағы білімін тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамалар қарастырылды.

Сонымен қатар кафедра оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру және академиялық тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Түркияның жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарымен байланысты кеңейту, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру перспективалары сөз болды. Бұл бағыттар оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіріп қана қоймай, түріктану саласындағы халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесудің маңызды бағыттарының бірі  «Түрік апталығы» бағдарламасын талқылау болды. Аталған іс-шара түрік халқының тілі, тарихы, мәдениеті мен әдебиетін кеңінен таныстыруға, студенттердің түрік мәдениетіне қызығушылығын арттыруға және Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-академиялық байланысты дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында ғылыми-танымдық кездесулер, пікірталастар, мәдени іс-шаралар, студенттік жобалар мен шығармашылық бастамаларды ұйымдастыру жоспарлануда.

Кездесуге Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, ассистент-профессор Халел Агнур, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, профессор Дулаева Эльнара Зильпикаровна қатысты.

Кездесу барысында тараптар 2026-2027 оқу жылында өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға және бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жоспарларды нақтылады. Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық байланысты нығайту, студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибе алмасуына жағдай жасау және түріктану саласындағы бірлескен бастамаларды қолдау мәселелері алдағы кезеңдегі негізгі бағыттар ретінде белгіленді.

Түркияның Алматыдағы Бас консулдығында өткен бұл кездесу екі ел арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ түріктану бағытындағы халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге маңызды мүмкіндік берді.