Кембридж университетінде ҚазҰУ-дың зерттеу нәтижелері таныстырылды — ҚазҰУ

Кембридж университетінде ҚазҰУ-дың зерттеу нәтижелері таныстырылды

5 қазан 2026
Кембридж университетінде ҚазҰУ-дың зерттеу нәтижелері таныстырылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы  Британияның Кембридж университетінде өткен «Еуразиядағы ежелгі өзара байланыстарды зерттеудің жаңа бағыттары: көшпелі және отырықшы әлемдер» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Делегация құрамында тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов бастаған ғалымдар мен жас зерттеушілер болды.

Халықаралық жиынды ұйымдастырушылардың бірі – ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев. Бұл ауқымды шара Кембридж университетімен жолға қойылған тығыз ғылыми ынтымақтастықтың заңды жалғасы. Қазіргі таңда Кембридж ғалымдары ҚазҰУ-дың «Археология» мамандығы бойынша білім алып жатқан алты докторантына шетелдік ғылыми консультант ретінде жетекшілік етуде. 

Конференция барысында қазақстандық археология мектебінің соңғы зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми ортаға ұсынылды. ҚазҰУ тарихшылары, археологтары мен PhD докторанттары Еуразиядағы көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара ықпалдастығын зерттеуге арналған ғылыми еңбектерінің нәтижелерімен бөлісті.

Кембридж университетіндегі жиынның басты ерекшеліктерінің бірі – ғылыми баяндамалардың қазақ тілінде жасалып, ағылшын тіліне синхронды түрде аударылуы. Бұл бастама халықаралық аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырып, ана тіліміздің халықаралық ғылыми кеңістіктегі мәртебесін көтеруге ықпал етті.

Конференцияға қатысушылар отандық ғылымның әлемдегі ең көне университеттердің бірінде кеңінен таныстырылуы Қазақстан археологиясының халықаралық ғылыми зерттеулер кеңістігіне енуіне ықпал ететінін атап өтті. Кездесу қорытындысында бірлескен далалық зерттеулерді кеңейту және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі