ҚазҰУ Орталық Азияда алғаш болып SOS International ұйымына қосылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ұлыбританияның Манчестер қаласында орналасқан SOS International (Students Organizing for Sustainability International) ұйымының университеттік бөлімшесінің ашылуына арналған онлайн жүздесу өтті. ҚазҰУ – Орталық Азия өңірі бойынша бұл беделді экологиялық бастамаға қосылған алғашқы жоғары оқу орны.
Ауқымды серіктестік ҚазҰУ базасындағы Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты арқылы жүзеге асырылады.
Онлайн-жиынға «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы», UNICEF Youth Hub Almaty, Студенттік деканат сынды жастар ұйымдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Басқосуда белсенді жастар өз жобаларын таныстырып, Алматы қаласы мен университет деңгейінде «жасыл» күн тәртібін ілгерілету мүмкіндіктерін талқылады. SOS International-мен серіктестік студенттердің халықаралық эко-қозғалыстармен тығыз байланыс орнатуына, жастардың бастамаларын қолдауға және тұрақты даму саласындағы білім беру платформаларына жол ашуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Айта кетейік, SOS International (Students Organizing for Sustainability International) – штаб-пәтері Манчестерде (Ұлыбритания) орналасқан жаһандық ұйым. Оның басты мақсаты – студенттер мен білім беру мекемелерін біріктіре отырып, университеттер мен жергілікті қоғамдастықтарда тұрақты даму принциптерін енгізу және оң өзгерістер жасау.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар