ҚазҰУ мен АлтМУ іргелі ғылыми жобаларды кеңейтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алтай мемлекеттік университетінің делегациясын қабылдады.
Делегация құрамында халықаралық байланысты дамыту жөніндегі проректор Роман Райкин және «Үлкен Алтай» алтайтану және түркология ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі Юлия Лысенко бар.

Кездесуде Жансейіт Түймебаев қос оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың көпжылдық тарихына тоқталды. Осы уақыт ішінде тараптар алтайтану мен түркология бағытында іргелі ғылыми еңбектерді жарыққа шығарып, екі ірі халықаралық форумды сәтті өткізген.
«Біз бұл серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайынбыз. Өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, алтайтану мен түркология саласындағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруіміз қажет», – деді ҚазҰУ ректоры.

Өз кезегінде Роман Райкин дәстүрлі қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, екі университет арасындағы көпжылдық әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті.
Өзара ықпалдастықтың басты бағыты ретінде түркология саласындағы бірлескен жобалар сөз болды. Орталық жетекшісі Юлия Лысенконың айтуынша, қазіргі таңда «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығы түркологияның тарихы мен дамуына арналған көптомдық ғылыми басылымның үшінші томын әзірлеуге кіріскен. Осы орайда, ғалым ҚазҰУ басшысынан жобаға отандық зерттеушілер мен авторлар ұжымын белсене тартуға қолдау білдіруді сұрады.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар ғылым мен білім саласындағы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ алтайтану, түркология және басқа да перспективалы ғылыми бағыттар бойынша байланыстарды нығайтуға уағдаласты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар