«Farabi Media» телестудиясы жаңа форматқа көшті — ҚазҰУ

«Farabi Media» телестудиясы жаңа форматқа көшті

6 қазан 2026
«Farabi Media» телестудиясы жаңа форматқа көшті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпарат және коммуникациялар департаментінің «Farabi Media» телестудиясы толықтай қайта жабдықталып, жаңа форматта жұмысын бастады.

Заманауи талапқа сай жаңартылған студия университеттің ақпараттық және медиа салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Бұрын түсірілімдердің басым бөлігі хромакей (жасыл фон) көмегімен жүргізілсе, енді студия әртүрлі жанрдағы заманауи медиаконтент өндіруге арналған бірнеше креативті аймаққа бөлінді.

Мұнда жасақталған «Farabi Times» аймағы – университет өміріндегі маңызды оқиғалар, ғылыми және білім беру саласындағы басты жаңалықтарды көрерменге жоғары сапада жеткізетін негізгі ақпараттық алаң. Бұған қоса, «Farabi Podcast Studio» кеңістігі интеллектуалды пікірталастар мен ашық сұхбаттар ордасына айналады. Мұнда университет профессорлары, жас ғалымдар, дарынды студенттер мен шақырылған сарапшылардың қатысуымен ғылыми-танымдық жобалар мен сараптамалық бағдарламалар әзірленеді. 

Сондай-ақ авторлық бағдарламалар, сұхбаттар, стилистикалық фотосессиялар мен жеке жобалар үшін «⁠Farabi Space» түсірілім аймағы қарастырылған. Ондағы ақ, қара және жасыл түсті фондар түсірілім тобына кез келген визуалды идеяны еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Медиаконтент сапасын арттыру мақсатында студия заманауи түсірілім құрылғыларымен және кәсіби жарықтандыру жүйесімен толық қамтамасыз етілді. Жоба университет басшылығының қолдауымен жүзеге асырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі