Жас ғалымдардың ұсыныстары тыңдалды — ҚазҰУ

Жас ғалымдардың ұсыныстары тыңдалды

5 қазан 2026
Жас ғалымдардың ұсыныстары тыңдалды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жас ғалымдармен кездесті. 

Жүздесуде университеттік ғылымды дамытуға қатысты жас зерттеушілердің ұсыныстары тыңдалды. 

Шара барысында Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент Бақыт Ханиев «Ректордың 10 ғылыми мәселесі» атты жыл сайынғы бастаманы енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, жыл сайын университет ғылымын дамытуға серпін беретін, ғылыми орта үшін маңызы жоғары 10 өзекті мәселе іріктеліп алынуы тиіс. Осы бағыттар бойынша зерттеу жүргізіп жатқан жас ғалымдарға арнайы қолдау шаралары ұйымдастырылып, аттестациялау кезінде олардың ғылыми жетістіктеріне ерекше мән беріледі. 

Өз кезегінде заң факультетінің оқытушысы, PhD Әпсімет Нұрдәулет стартап және пилоттық жобаларға арналған «Ғылыми зерттеулер» қорын құру қажеттігін жеткізді. Қор ғылымға жаңадан қадам басқан зерттеушілердің жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп, ғылыми мақалаларды жариялауға қаражат бөледі. Бастамашының пікірінше, қор университет бюджетіне тәуелді болмай, оқу орны түлектерінің, меценаттар мен демеушілердің жарналары есебінен қалыптасуы тиіс. 

Ал халықаралық қатынастар факультетінің аға оқытушысы, PhD Сырым Маратұлы әлеуметтік ғылымдар саласындағы халықаралық журналдарға жазылу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Ғалымдардың журналдарға жеке жазылуы қымбатқа түседі. Университет деңгейінде бірыңғай жазылым ұйымдастыру қаржыны үнемдеп, зерттеушілерге кең мүмкіндік ашады. 

Бұдан бөлек, жас ғалымдар тарапынан ғылыми жобаларды коммерцияландыру, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін арттыру мәселелері де көтерілді.

Жансейіт Түймебаев кездесуде айтылған барлық ұсыныс-пікірді қолдайтынын жеткізді. Университет басшысы жас зерттеушілердің бастамалары оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

«Жас ғалымдардың ұсыныстары біз үшін маңызды. Зерттеушілердің пікірін тыңдап, олардың ұсыныстарын нақты іске асыруға мүмкіндік жасауымыз керек. Мұндай кездесулерді жиі өткізіп, ғылыми қауымдастықпен өзара байланысты нығайта береміз», – деді ректор. 

Шара барысында Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек баяндама жасап, соңғы атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. 

Кездесу соңында оқу ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев бірқатар  жас ғалымдарды Алғыс хатпен марапаттады. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі