- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қиыр Шығыс кафедрасының корейтану бөлімі корей тілін оқытуда жасанды интеллектіні қолдану бойынша халықаралық семинар өткізді
Қиыр Шығыс кафедрасының корейтану бөлімі корей тілін оқытуда жасанды интеллектіні қолдану бойынша халықаралық семинар өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Корей қоры (Korea Foundation) және Сукмён қыздар университетінің қолдауымен «Қазақстан жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану арқылы корей тілін оқыту әдістемесін жаңғырту және тәжірибеде қолдану» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасы ұйымдастырды. Семинарға Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының корей тілі мен корейтану саласындағы профессор-оқытушылары, сондай-ақ Корея Республикасының дипломатиялық және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ректоры аппаратының басшысы Кистаубаева Аида Серікқызы мен Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук құттықтау сөз сөйледі.
Семинар барысында жасанды интеллектінің корей тілін оқыту үдерісіне ықпалы, цифрлық технологияларды білім беру тәжірибесіне енгізу және Қазақстандағы корей тілін оқытудың келешегі талқыланды. Сукмён қыздар университетінің профессоры Ким Кён Рён 2026 жылғы жасанды интеллектінің даму үрдістері және Орталық Азиядағы корей тілін оқытудың болашағы туралы баяндама жасап, жасанды интеллектіні корей тілін оқытуда қолданудың көпқырлы мүмкіндіктеріне тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғ Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ақерке Абаған университетте корей тілін оқытудың даму перспективаларына, жасанды интеллект негізіндегі оқытуға көшуге және e-School жобасына қатысты тәжірибемен бөлісті. Баяндама талқылауына ҚазҰУ профессоры Ли Бён Джо қатысты.
Сонымен қатар Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Джанг Хо Джон, SDU университетінің профессоры Сон Джэ Хо және Халықаралық Тараз университетінің профессоры Чо Дон Гюн өз зерттеулері мен тәжірибелерін ұсынды. Атап айтқанда, SDU университетінің өкілдері студенттердің генеративті жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибесі негізінде Қазақстан жоғары оқу орындарында корей тілін оқытудың өзгерістері мен міндеттерін қарастырды. Халықаралық Тараз университетінің өкілі корей тілін оқытудағы жасанды интеллект негізіндегі менторинг мүмкіндіктерін дамыту мәселесіне тоқталды.
Семинардың маңызды бөлігінің бірі Қазақстандағы e-School жобасын одан әрі дамыту және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын талқылауға арналды. Қатысушылар цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу және корей тілін оқыту әдістемесін заманауи талаптарға сәйкес жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шараға Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Корей білім беру орталығы, Сукмён қыздар университеті, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, SDU университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинар қонақтарының қатарында Корей білім беру орталығының директоры Ким Хон Хван, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары болды.
Семинар нәтижесінде Қазақстандағы корей тілін оқыту саласында жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін кеңейту, e-School жобасын дамыту және жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту бойынша пікір алмасу жүргізілді.
Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды. Семинар Корей қорының (Korea Foundation) қаржылай қолдауымен, Сукмён қыздар университетінің қолдауымен және Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және SDU университетінің қолдауымен өтті.

