ҚазҰУ Баспасөз қызметі арнайы радиожобаларды әзірлейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті мен «Darhan radio» медиа платформасы өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Осы бағытта ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры – Баспасөз хатшысы Қаншайым Байдәулет пен «Darhan radio» директоры Ерзат Қойшиев кездесу өткізді.

Тараптар серіктестік туралы меморандум жасауға қатысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді қарастырып, алдағы уақытта бірлесіп іске асырылатын бағдарламалар мен медиажобалардың бағыттарын айқындады.

«Darhan radio» медиа платформасында ҚазҰУ-дың радиоконтентіне арналған арнайы айдар ашылды. Арнайы айдарда университеттің Баспасөз қызметі мен студенттер дайындаған ақпараттық, танымдық және авторлық бағдарламалар тұрақты түрде орналастырылады.

Жаңа медиажоба университеттің тыныс-тіршілігін, білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін, студенттік өмірді және жастар бастамаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттердің журналистика саласындағы тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.

Жүздесуде қос тарап алдағы бірлескен жұмыстардың кестесін әзірлеуге және меморандум шарттарын өзара келісуге уағдаласты.

Кездесуден соң құрметті қонақ Ақпарат және коммуникациялар департаментін аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар