Қиыр Шығыс кафедрасында корей халқының дәстүрлі Чусок мерекесі атап өтілді — ҚазҰУ

Қиыр Шығыс кафедрасында корей халқының дәстүрлі Чусок мерекесі атап өтілді

30 қыркүйек 2026
Қиыр Шығыс кафедрасында корей халқының дәстүрлі Чусок мерекесі атап өтілді

2026 жылғы 30 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қиыр Шығыс кафедрасында корей халқының басты дәстүрлі мерекелерінің бірі – Чусок (추석) мерекесіне арналған іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараны Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының корейтану бөлімі ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бірінші курс студенттерін Чусок мерекесінің тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен таныстыру, сондай-ақ әртүрлі курс студенттері арасындағы сабақтастықты нығайтып, өзара достық қарым-қатынасты дамыту.

Чусок – корей халқының дәстүрлі егін жинау мерекесі. Бұл мереке мол өнім үшін алғыс білдіруді, ата-баба рухына тағзым етуді және отбасылық құндылықтарды дәріптеуді білдіреді. Чусок корей халқының мәдени мұрасында ерекше орын алып, ұлттық салт-дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне ықпал етеді.

Іс-шара аясында төртінші курс студенттері бірінші курс студенттеріне арнап арнайы мерекелік бағдарлама дайындады. Бағдарлама барысында шығармашылық қойылымдар ұсынылып, қатысушылар корей халқының әдет-ғұрыптарымен танысты, дәстүрлі ойындар мен түрлі интерактивті іс-шараларға қатысты.

Мерекелік бағдарламада корей халқының ұлттық тағамдарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар дәстүрлі тағамдардан дәм татып, корей халқының мерекелік дастархан мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Чусок мерекесін атап өту студенттердің корей мәдениеті туралы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, жоғары және төменгі курс студенттерінің еркін қарым-қатынас жасауына, тәжірибе алмасуына және өзара достық байланыстарын нығайтуына мүмкіндік берді.

Іс-шара Қиыр Шығыс кафедрасы корейтану бөлімінің оқытушылары Абаған А.Б., Хамитова Н.Е., Бидакмет А.Н. және корейтану бөлімінің студенттерінің қатысуымен өтті.

Осындай мәдени-танымдық іс-шараларды ұйымдастыру корейтану бөлімінің білім беру қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Аталған іс-шаралар студенттердің мәдениетаралық құзыреттілігін қалыптастыруға, корей тілі мен мәдениетін тереңірек меңгеруге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ корей халқының ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға және кеңінен насихаттауға ықпал етеді.