Тарихшы Серік Мәшімбаев атындағы аудитория ашылды — ҚазҰУ

Тарихшы Серік Мәшімбаев атындағы аудитория ашылды

8 қазан 2026
Тарихшы Серік Мәшімбаев атындағы аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде белгілі қазақстандық тарихшы, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Серік Мектепұлы Мәшімбаев атындағы аудитория ашылды. 

Салтанатты жиынға ҚазҰУ Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров,  ҚР ҰҒА академиктері Қансейіт Әбдезұлы мен Қалқаман Жұмағұлов, ғалымның жұбайы Тынышкүл Қожабекова, сондай-ақ факультет оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Шара ашылуында ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын проректор Бақытжан Омаров оқыды. 

Құттықтау хатта Серік Мәшімбаевтың тарих ғылымын дамытуға және білікті мамандар даярлауға қосқан үлесі жоғары бағаланып, ғалымның ұзақ жылдар бойғы оқытушылығы мен университеттің ғылыми-академиялық қызметіне сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді. 

Серік Мектепұлының есімі ҚазҰУ-мен тығыз байланысты. Ол университет қабырғасында аға оқытушыдан профессорға дейінгі еңбек жолынан өтіп, 1995-2005 жылдары Шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасын басқарды. Ғалымның ғылыми зерттеулері дүниежүзі тарихына, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа тарихына арналды. Оның еңбектерінде Польша тарихы, Қазақстандағы поляк халқы және қазақ-поляк қатынастары алғаш зерделенді. 

Жиында сөз алған ҚазҰУ профессоры Қалқаман Жұмағұлов: «Серік Мектепұлы факультет тарихында өзіндік із қалдырды. Бірнеше буын студенттер мен оқытушылар үшін ол өз кәсібі мен университетіне адал ғалым, ұстаз және әріптес болды», – деп атап өтті. 

Сондай-ақ басқосуда ғалымның жұбайы, әріптестері мен шәкірттері сөз сөйлеп, оның азаматтық болмысы, ғалымдық қыры мен өнегелі өмір жолы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі