Elsevier сарапшысы ғалымдарға практикалық семинар өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Elsevier компаниясының клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджері Антон Дегтевтің қатысуымен практикалық семинар өтті. Іс-шара заманауи ғылыми аналитика құралдарына, зерттеулерді басқаруға және халықаралық ғылыми деректер базаларын тиімді пайдалануға арналды.
Құрметті қонақты университет басшылығы атынан ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов таныстырды.

«ҚазҰУ мен Elsevier компаниясының серіктестігі Scopus, ScienceDirect, SciVal және LeapSpace сияқты халықаралық ғылыми ресурстарды пайдалануды, сондай-ақ ғалымдар, оқытушылар мен докторанттарға арналған оқыту семинарларын өткізуді қамтиды. Бұл ынтымақтастық зерттеу құзыреттерін дамытуға, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыруға және университетіміздің халықаралық ғылыми ортадағы танымалдығын нығайтуға тікелей ықпал етеді», – деді Марғұлан Ибраимов.
Өз кезегінде Антон Дегтев қатысушыларға Elsevier компаниясының ғылыми қызметті талдауға арналған заманауи құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды. Семинардың SciVal платформасына арналған алғашқы бөлімінде университеттің жарияланымдық белсенділігін бағалау метрикалары мен көрсеткіштері, THE, QS және WUR халықаралық рейтингтерінің деректері, өзекті ғылыми үрдістер мен ғылыми ынтымақтастықтар қарастырылды. Сонымен қатар салыстырмалы талдау жүргізу және есептер дайындау жолдары көрсетілді.

Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар Scopus платформасымен жұмыс істеудің практикалық құралдарын меңгерді. Деректер базасының қызметі, автор профилін басқару және дәйексөз алу көрсеткіштері пысықталды. Ғылыми журналдардың негізгі метрикалары – CiteScore, SJR және SNIP көрсеткіштері түсіндірілді.
«Scopus – бұл жай ғана ірі ғылыми деректер базасы емес, авторлар мен жарияланымдар арасындағы байланысты талдауға мүмкіндік беретін құрал. Мақала жазуға кіріспес бұрын, авторларға өз зерттеуінің бірегейлігін бағалауды ұсынамыз. Әдіснама жаңалығы неде, бірегей деректер бар ма және зерттеу қазіргі әлемдік ғылыми үрдістерге сәйкес келе ме деген сұрақтарға жауап беру маңызды. Осы факторларды түсіну жоғары дәйексөзделетін журналдарда мақала жариялауға мүмкіндік береді», – деді Антон Дегтев.

Семинар жүргізушісі Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдерінің университеттері мен ғылыми қауымдастығымен жұмыс істеуге маманданған. Ол сегіз жылдан астам уақыт бойы зерттеу аналитикасы мен ғылыми ақпараттық ресурстарды дамыту жобаларымен айналысып, зерттеушілер мен жас ғалымдарға арналған тренингтер өткізіп келеді.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми өнімділікті талдау, зерттеу деректерімен жұмыс істеу және жарияланымдық қызметтің тиімділігін арттыру бойынша практикалық ұсыныстар алды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар