ҚазҰУ әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева Малайзияның Қазақстандағы елшісі Мохамад Адли Абдулламен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында проректор екіжақты өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Бүгінде ҚазҰУ Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті белсенді дамытып келеді. Келісімдер аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып, ғылыми жобалар қолға алынған. 2025-2026 оқу жылында ҚазҰУ-дың 18 оқытушысы, 4 докторанты және 6 магистранты Малайзияның жоғары оқу орындарына іссапармен барған. Сондай-ақ бірлескен зерттеулердің нәтижесінде Scopus мен Web of Science дерекқорларындағы басылымдарда 12 ғылыми мақала жарық көрді.

Сонымен қатар кездесуде серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда Малайзия университеттерімен жаңа әріптестік байланыс орнату, ҚазҰУ базасында «Малайзия елшілігінің күнін» өткізу және оқу ордасында Малайзияның ақпараттық-мәдени кеңістігін құру.

Өз кезегінде Мохамад Адли Абдулла айтылған ұсыныстарды қолдайтынын білдіріп, елшілік тарапынан қажетті шаралар жүргізілетінін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар