ҚазҰУ-да халықаралық жоба қорытындыланды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да халықаралық жоба қорытындыланды

9 қазан 2026
ҚазҰУ-да халықаралық жоба қорытындыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Eurasia-Pacific Uninet желісінің пленарлық отырысы мен Erasmus+ бағдарламасы аясындағы семинар өз мәресіне жетті. 

Үш күнге созылған халықаралық шара Австрия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістаннан келген 120-дан астам ғалымның басын қосты. 

Қорытынды жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Eurasia-Pacific Uninet президенті Джозеф Штробл, шетелдік және отандық ғалымдар мен білім беру жобаларының үйлестірушілері қатысты.

Іс-шараны оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, қатысушыларды семинардың сәтті аяқталуымен құттықтады. Ректор ҚазҰУ мұндай ауқымды халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға әрдайым дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев шетелдік серіктестермен байланысты нығайту жөнінде бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«ҚазҰУ базасында Erasmus+ халықаралық бағдарламасының бөлімшесін ашуды ұсынамын. Сонымен бірге ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту мақсатында бірлескен интернет-платформа құру маңызды. Онда семинар аясында ғалымдар мен профессорлар жасаған баяндамалар жарияланып, озық идеялар мен ғылыми тәжірибе кеңінен насихатталады. Бұдан бөлек, бүгінгі халықаралық жиынға қатысып отырған 120-дан астам ғалымды ҚазҰУ студенттеріне көшбасшылық дәріс оқуға шақырамын. Бұл бастамалар университеттің халықаралық байланыстарын нығайтып, білім алушылардың өрісін кеңейтуге және академиялық тәжірибе алмасуға тың серпін береді», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады. 

Өз кезегінде Eurasia-Pacific Uninet президенті, профессор Джозеф Штробл халықаралық шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқаны үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына алғыс білдірді. Сонымен қатар ол ортақ бастамаларды қолдайтынын білдіріп, нақты жұмыс жоспарын бекітуді ұсынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі